Жоба жалғасуда

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1123
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еуропа қайта құру және даму банкі мен облыстың Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен және Кәсіпкерлер палатасының «Business Connect» жобасы аясында кәсіпкерлік қабілетті дамытуға арналған «Көшбасшылықтың артықшылықтары» атты шебер-сынып өтті. Мотивациялық тренингке бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың әйел басшылары қатысты.

Алғашқы сөз алған Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова заманауи трендтерге ілесіп қана қоймай, оларды өзгертіп отыру керек екенін айтты.
– Бүгінде Қазақстанның қаржы саласының 30 пайыздан астамына әйелдер басшылық етеді. Әйелдер  шағын және орта бизнестегі 500-ден астам кәсіпорынды басқарады. Бұл бизнестегі үлестің 43 пайызын құрайды. Осы ақпартты жақында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мәлімдеді. Осылайша әйелдердің барлық саладағы белсенділігі артуда. Сондықтан осы замандағы қатерлерге көшбасшылық қасиет пен іскерлік қана төтеп бере алады, – деді Римма Салықова.
Шеберлік сабағын сертификатталған коуч, оқыту және кәсіптік білім беру институтының (ITOL, Ұлыбритания) лицензияланған тренері Ғалия Калиджанова өткізді. Сарапшының айтуынша, көшбасшылық қабілетті дамыту саласы ірі өндірістік кәсіпорындарда, коммерциялық емес ұйымдарда, сонымен бірге шағын және орта бизнесте қажеттіліктер тізімін бастап тұр. 
Көшбасшылық қасиеттер бүгінде жедел өсіп келе жатқан бәсекелестік пен әлеуметтік және экологиялық жауапкершілікке қойылатын жоғары талаптар жағдайында сұраныстағы ресурс түрі болып саналады. 
Шебер-сынып аясында «PartyFood» жылдам тағам дайындау мейрамханалар желісінің бас директоры Ирина Чен, «Fortuna Food» кондитерлік дүкендер желісінің директоры Ильмира Хәкімова, «Monmartre» антикварлық кофехананың директоры Ольга Дробина сөйлеп, жеке кәсіпкерлік істі ашу мен дамыту, ұжыммен және клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті.

Айгүл Байжұмақызы