Сыдық ДӘУЛЕТОВ: "КӘСІБІМДІ БІР ТҮЙЕМЕН БАСТАДЫМ"

Уақыты: 25.10.2018
Оқылды: 1898
Бөлім: ОН САУСАҚ

Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен агротуризмді дамытып жатқан кәсіпкерлердің жұмысын насихаттау мақсатында БАҚ өкілдері пресс-турға шықты. Алдымен Қарасай ауданындағы Павел Коноваловтың «На 100 % ящего меда»  атты ара шаруашылығына ат басын бұрдық. Қызметін 2011 жылы бастаған омарташының кәсібі бүгінгі таңда ең ірі шаруашылықтардың бірі. Таңғаларлығы, осындай үлкен шаруашылықта төрт-ақ адам жұмыс істейді.

– Бізде отбасылық бизнес қарыштап дамып келеді. Ең алғаш кәсібімізді ашқан күннен-ақ көрші әжелеріміз емдік дәрілер жасасаңыздар деген ұсыныс тастады. Содан бері біз балдан түрлі заттар жасап келеміз. Менің көмекшім – Рязан ара өсірушілер академиясының түлегі Елена Косинова жылына 20 келі корольдік желе, емдік дәрілер және түрлі ойыншықтар жасайды. Сонымен қатар, енем Валентина Косинова мен ұлым Генадий Коновалов та бұл шаруашылыққа үлкен үлес қосуда. Қазір қазақстандықтарды айтпағанда алыс-жақын шетелден келушілер қысы-жазы үзілмейді. Апта сайын экскурсия жүргіземіз. Біздің мемлекетіміз ара шаруашылығының дамуына қолдау көрсететініне өте қуаныштымын. Айта кетейін, екінші жыл қатарынан «На 100% ящего меда» Еуропаның үздік балы номинациясын жеңіп алды. Осының бәрі экологиялық таза, ерекше және табиғи өнімге байланысты, – дейді Павел Коновалов.

Қазіргі уақытта кәсіпкер бизнесін кеңейтіп, туристер үшін барлық жағдай жасауда. Болашақта қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында киіз үйлер саламын деп жоспарлауда. Осыдан кейін Іле ауданының Ақши ауылында орналасқан «Дәулет-Бекет» ЖШС түйе шаруашылығына бардық. Шаруашылық басшысы Сыдық Дәулетов өзінің кәсібін «Дромедар» тұқымының бір түйесімен бастаған. Бүгінде компанияда 5 мың түйе, шағын зауыт және 7 сауда филиалы, ферма бар. Жайылымдардың жалпы көлемі – 28 800 гектар. Атакәсіпті өркендетуге барын салып отырған кәсіпкер түлік төресінің санын 15 мыңға жеткіземін деп жоспарлауда.

 – Кеңес тұсында 1 миллионнан астам Ойсылқара тұқымы болған. Егемендік алғалы ол көрсеткіш күрт төмендеді. Сондықтан кең дала төсін төрт түлікке толтырып, халықты таза өніммен қамтамасыз ету керек. Менің алдағы мақсатым осы. Егер өнім көп болса, экспортқа жіберемін. Қазір азық-түліктің сапасы өте төмен болғандықтан шетелде қазақтың ұлттық тағамына сұраныс көп, – дейді ол. Түлік төресінің шұбатын брендке айналдырып, агротуризмді дамытып отырған кәсіпкер тілшілер қойған сауалға жауап беріп, жұмысын кеңінен таныстырды.

Шара соңында Еңбекшіқазақ ауданындағы «Apple World» ЖШС-нің шырын өндіру базасына барып, жоғары сапалы жемістердің өнімділігін және олар сақталатын жағдайларды барынша арттыру үшін қандай сақтық шаралары қолданылатындығын көріп қайттық.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары

Алматы облысы