САҒЫНДЫРҒАН СҮТ ЗАУЫТЫ

Уақыты: 29.01.2019
Оқылды: 1783
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу ауданына қарасты Лабасы ауылдық округінде сүт зауыты қайта іске қосылды. Жиырма жыл бойы тоқтап тұрған мекеме кезең-кезеңімен толық қуатына көшуді жоспарлап отыр.

Сүт зауыты 1967 жылы бой көтеріп, біраз жыл бойы жұмыс істеген. Қайта ашылған кәсіпорын әзірге түрік айранын, құрғақ сүт және ысталған шұжық шығаруда.

- Зауыттың қыста іске қосылуының өзінде үлкен мән жатыр. Себебі, көктем шығып, жаз келгенге дейін өндіріс әбден бір жолға қойылады. Әрі жас мамандар да тәжірибе жинақтап, ауқымды көлемде жұмыс істеуге шыңдалады. Дегенмен де зауытқа инженер-технологтар, зертханашылар әлі де жетіспеуде, – деген мекеме басшысы Бақыт Арқабаев зауыт толық қалпына келгеннен кейін сүт өнімдерінің барлық түрін шығаратындығын жеткізді.

Сонымен қатар, кәсіпорынға көршілес жатқан Кербұлақ, Ескелді, Қаратал аудандарынан да сүт өткізеді. Өндірістің тәулігіне 40 тонна сүт қабылдауға қауқары бар. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 100 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Сондай-ақ, Ресейден заманауи қондырғылар әкелінген.

Санитарлық тазалығы мен басқа да талаптары қатаң сақталған кәсіпорын қазіргі уақытта күніне 17-18 мың құты түрік айранын шығарып, 60 келіден аса ірімшік шұжығын дайындайды.

Қазіргі уақытта кәсіпорында 20 жұмысшы еңбек етуде. Алдағы уақытта тағы да 20-дан аса қызметкер жұмысқа қабылданбақ.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Көксу ауданы