ТӘУЛІГІНЕ 20 ЛИТР СҮТ БЕРЕДІ

Уақыты: 16.02.2019
Оқылды: 1377
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еңбекші ауылындағы Бейбіт Ғабдуллин басшылық ететін «Еңбек» шаруа қожалығының құрылғанына аз уақыт болса да, ауқымды істер атқарылуда. Асыл тұқымды «Семинтал» ет-сүт бағытындағы сиыр өсірумен айналысқандарына екі-үш жыл болған.

Чехославакиядан сатып алынған 66 бас ірі қараға тағы 32 бас қосылып, қысқа мерзімде асыл тұқымды мал басы 216-ға жетті. Әр сиыр тәулігіне 15-20 литр сүт береді. Сауылымдағы 80-нен астам сиырдан тәулігіне 1 тоннадан аса сүт сауылып, «Райымбек-Агро» сүт зауытына өткізіледі. Жылына 360 тонна сүт өткізеді. Сүт сауу құрылғылары автоматтандырылған және жаңа сауылған сүт құрамын зерттейтін арнайы зертхана жұмыс істейді. Нәтижесінде, табиғи таза әрі жоғары сапалы сүт өндіріледі.

– Малдың қыстан қоңды шығуы жемшөпке байланысты. Біздің шаруашылықтың асыл тұқымды сиырлары өзге малдан етті, сүтті әрі іріліктерімен ерекшеленеді. Облыс бойынша сүттің майлылығы орта есеппен 3,6 пайыз болса, бұл сиырлардыкі – 4,6 пайыз. Осы қысқа 196 тонна жүгері сүрлемі дайындалды. Ал жемшөпті Бақанас жақтан сатып аламыз, – дейді «Еңбек» шаруа қожалығының зоотехника маманы Ерлан Еспергенов.

Оның айтуынша, суармалы жердің тапшылығы шаруаға қажет мал азығының жеткілікті мөлшерде дайындалуына қолбайлау болуда. Ал сатып алынған жемшөптің берекесі болмаса, мол шығынға ұшыратады. Осындай қиындыққа қарамастан малдың күйі мен сүт мөлшерін кемітпеуге бар күштерін жұмылдыруда. Мұнда ірі қараны азықтандыру және сауумен 6 адам айналысады. Солардың бірі – 30 жылдан аса трактор жүргізушісі болған Қайрат Қалмақбаев.

- Ауыл ішінде ірі шаруа қожалықтарының құрылып, жұмыс істейтініне қуанамыз. Осы қожалықта механизатор болып еңбекке араласқаныма жылдан асты. Табысым тұрақты, соның арқасында отбасымды асырап келемін, - деген механизатор өзіне тиесілі «Белорусь-82» және ағылшынның көпсалалы «Дисиви» тракторын тізгіндеп, абыройлы еңбек етіп жүргендігін айтты.

Шаруа қожалығында көкөніс өсіру үшін 1,3 гектар жерге жылыжай салынуда. Ол іске қосылса, жергілікті тұрғындардың тағы біразы еңбекпен қамтылмақ.

Ұлбосын ИСАБЕК

                          Еңбекші ауылы,

Талғар ауданы