КӨП БАЛАЛЫ АНА КӨРПЕ ТІГЕДІ

Уақыты: 18.02.2019
Оқылды: 1422
Бөлім: ОН САУСАҚ

Береке-бірлігімен көпке үлгі болып отырған отбасылардың бірі – Қияқбай Қалиоллаұлы мен Гүлнар Сақтағанқызының шаңырағы.

Олар алты баланы тәрбиелеп, өсіруде. Қияқбай ағаш шебері болса, Гүлнар әлеуметтік сала қызметкері әрі тігінші. Үлкендері Әділ бүгіндері студент атанса, Сымбат, Санжар, Нұрболат мектеп оқушылары. Алуасы бес, кенжелері Азамат бір жаста.

Бұл отбасы былтыр атаулы әлеуметтік көмек аясында 218 мың теңге қаржы алып, екі тігін машинасын сатып алған.

Бала күтіміне байланысты демалыста отырғанына қарамастан Гүлнар Сақтағанқызы әпкесі екеуі үйлерінде қолөнер бұйымдарын тігумен айналысады. Бұл туралы: «Кішкене кезімізде тігін өнерін анамыздан үйренген едік. Соның пайдасын енді көріп отырмыз. Көбінесе түрлі көрпешелер, тұрмысқа қажетті бұйымдар тігуге тапсырыс келеді. Бұл кәсіп кішкене болса да жыртығымызды жамауға септігін тигізгені рас», – дейді «Күміс алқа» иегері.

Ешкімге алақан жайып үйренбеген отбасы еңбегі мен талабына арқа сүйеп өмір сүруде. Балаға кезектесе қарайласқан олар бүгініне шүкіршілік етеді. Жұмысында мүмкіндігі шектеулі жандарды көрген Гүлнар еш мұңаймай, қамқорлығындағы балалардың денсаулығы жақсарып кеткенін қалайды.

– Менің қамқорлығымда 6 бала бар. Күнделікті үй тіршілігіне жәрдем жасаумен бірге, гимнастикалық қимылдарға, өздігімен ас ішуге үйретіп,  ауруханаға апарып, әлеуметтік көмек көрсетеміз. Өкінішке қарай, осындай мүмкіндігі шектеулі балалар көбіне жалғызбасты аналардың үлесіне тиесілі. Осындайда әлеуметтік қызметкерлердің көмегі олар үшін өте маңызды, – деп өзінің жұмысы туралы әңгімеледі көпбалалы ана.

«Ай сайын көпбалалы отбасы ретінде алатын 57 мың теңге біз үшін біршама жәрдем», – деген шаңырақ иелері алдағы күннен үлкен үміт күтетіндерін жеткізді. «Әзірше басымызда баспанамыз бар. Балалар ержеткеннен кейін алған жерімізге жаңа үй салуды жоспарлап отырмыз», – дейді олар.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы