КӘСІПКЕРГЕ МАХМҰД ҚАШҚАРИ МЕДАЛІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 20.02.2019
Оқылды: 1472
Бөлім: ОН САУСАҚ

Белгілі кәсіпкер-меценат, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Азим Абдуллаев «Махмұд Қашқаридың 1000 жылдығы» медалі мен сертификатының иегері атанды. Бұл марапат түркітану саласының дамуына, түркі әлемі мәдениетінің өркендеуі мен өзара байланысын арттыруға қомақты үлес қосқан ғалым, жазушы, қоғам қайраткерлеріне беріліп келеді.

Баку қаласында орналасқан халықаралық Махмұд Қашқари қорының басшылығы жерлесімізді осындай құрметке лайық деп шешіпті. Қазақстандағы «Барбанг» Күрд ассоциациясының вице-президенті, еліміздегі ірі өнеркәсіп орындарының бірінен саналатын «Алматы Стекло» ЖШС бас директоры Әзим Шамойұлына Махмұд Қашқари атындағы медаль мен сертификатты «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Ақшолпан Марат пен «Барбанг» Күрд ассоциациясының президенті, академик Князь Мирзоев табыс етті.

Атақ та, табыс та төгілген тердің төлемі ретінде келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де аталған марапатқа оңай жетпегені белгілі. Кешегі Кеңестер одағы құрамындағы Армян КСР-інің Варденис ауданы Каябаши елді мекенінде дүниеге келген Азим Шамойұлы мектепті әзірбайжан тілінде оқыған. Өзінің ана тілі – күрд тілімен қатар әзірбайжанша орысша бірдей меңгерген ол 1980 жылы Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін қазақ тілін үйренуге ден қояды. Жамбыл ауданындағы Қасымбек ауылына ағайындарымен бірге тұрақтаған әулет жергілікті ұлттың тілімен бірге салт-дәстүрі мен мәдениетін де бойына дарыта білген. Осылайша қазақ жері олардың нағыз Отанына айналады.

Алдымен Алматы қаласындағы «Электроприбор» зауытына дәнекерлеуші болып орналасқан Азим еңбекпен қатар білім алуды да жалғастырады. Осылайша, Талғардағы зооветеринарлық техникумда мал дәрігері  мамандығын меңгеріп, кейіннен Алматы зооветеринарлық институтында жоғары білім алады. Ауылшаруашылығы  саласында біраз жыл еңбек еткен ол Алматыдағы «Зеленстрой» басқармасына жабдықтаушы болып жұмысқа орналасады.

Елімізде нарықтық экономика үстемдік құра бастағанда ағайынды Абдуллаевтар жеке кәсіпкерлікте бақтарын сынап көреді. Осылайша олар алдымен Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында арақ-шарап зауытын ашады. Бірте-бірте кәсібін кеңейтіп, бүгінде көптің көңілінен шығып жүрген «Бахар» мейрамханасын тұрғызған. Кейін Елтай ауылдық округіндегі Жармұхамбет ауылында Қазақстандағы бірегей «Алматы Стекло» зауытының құрылысына кіріскен.  Елге белгілі меценаттардың қолдауымен басталған бұл ірі жобаны қытайлық компания жүзеге асырып, екі жарым жыл ішінде толық аяқтаған. Бұл кәсіпорында бүгіндері 70-тен аса шыны өнімі өндіріліп, бір айда 70-80 мың құмыра шығарылып келеді. 400 адамды тұрақты  жұмыспен қамтамасыз ететін зауытта қызметкерлерге арналған жатақхана, асхана, супермаркет, дәріхана мен шайхана бар. Жеміс бақтары – гүлзарлар мен субұрқақтар да көзіңді қуантады.

Азим Шамойұлы 2010 жылы «Нұр Отан» партиясына мүшелікке кіріп, 2012 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Барбанг» күрд ассоциациясының вице-президенті қоғамдық жұмысын қоса атқарып келеді. Осындай азаматтық ұстанымы мен белсенді қызметі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының алтын медалімен, "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл" төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 20 жылдық медалімен және көптеген алғыс хатпен марапатталған болатын. Сонымен бірге, Азим Абдуллаев ел көлемінде аталып өткен барлық мерейтойларға белсене араласып, ұлттық және діни мейрамдардан тысқары қалып көрген емес.

– Мемлекеттер арасындағы байланыстың нығаюына септігін тигізіп, түркі әлемінің түлеуіне үлес қосатын шараларда менің де қолтаңбам барына қуанамын, – дейді Азим Шамойұлы.

Ал Махмұд Қашқари атындағы марапат алдағы атқарар істеріне бастау болары анық.

                                            Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото "Қарасайинфо" сайтынан алынды

Қарасай ауданы