ШӨП ЖИНАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

Уақыты: 09.04.2019
Оқылды: 2570
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мал азығын жинайтын машиналардың атқаратын рөлі жоғары. Сондықтан отандық және шетелдік тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы машиналарды жаңғыртып, жаңалау керек. Шетелде көбіне роторлы шөпшапқыш қолданылады. Олар жоғары жылдамдықпен жұмыс істейді. 

Роторлы шөпшапқыш жатып қалған ірі сабақты шөпті шабуда жоғары өнімділік көрсетіп, технологиялық үрдістің тиімділігін арттырады. Десек те аталған шөпшапқыштың кемшілігі бар. Мәселен, оның құны жоғары және жоғары қуат тұтынып, жанармай шығынын арттырады. Бұған қоса жұмыс кезінде жарақат алу қаупін тудырып, шөптің топырақ және құммен ластануына жол береді. Сол себепті бұл техника көп қолданылмайды. 
Егістікте шөпті шашып шабу тәжірибесі кеңінен таралған. Шағын алқаптағы шөпті шабу үшін шаруашылықтар көбіне бір білеулі KС-Ф-2.1 аспалы шөпшапқышты, ал үлкен алқапта жартылай аспалы екі білеулі KД-Ф-4.0, аспалы екі білеулі KДС-4,0 және үш білеулі KП-Ф-6.0 шөпшапқыштарды пайдаланады. 
Шабылған шөпті тырмалауға ГП-Ф-6.0, ГП-14 көлденең тырмалар қолданылады. Айта кетейік, көлденең тырмамен тырмалау кезінде 25-30 пайыз мал азығы шығын болады. Сегментті-саусақты кесу аппараты негізінен ТМД елдерінде өндіріледі. Бұл шөпшапқыштың артықшылығы – бағасы арзан әрі энергия сыйымдылығы төмен. Екі білеулі КДП-4,0 жартылай аспалы шөпшапқыштың кемшілігі – оның транспорттық габариттік ені 4,5 м. құрайды. Аталған аппарат пен иінді-білік бұлғағы бар құрылғыны пайдаланудың көпжылдық тәжірибесі көрсеткендей, олардың механизмінің конструкциясы тегіс емес жерде жұмыс істеу сенімділігінің төмендігін көрсетеді. 
Тегіс емес алқапта сыртқы төсем (башмак) ішкі төсемнен 20 см. биік болған жағдайда кесу аппаратында пышақтың қысылуына байланысты жетек механизмнің жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Осыған байланысты иінді-білік бұлғағы мен пышақ жаймасы жиі сынады. Бұл кемшілікті жою қосымша уақытты қажет етеді. 
Қазіргі кезде Қазақстанда шөпшапқыш пен дестелегіш жатка өндірілмейді. Бұл осы машиналардың үлкен тапшылығына әкеп соғуда. Осы ретте «КазАШМЭҒЗИ» ЖШС қазір «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-де шөп шабуға арналған кесу аппаратының жетілдірілген жетегі бар екі білеулі КДП-4,0М тіркемелі шөпшапқыштың тәжірибелік үлгісі әзірленді. Ол 9-14 кН класты барлық трактормен жүргізіледі. Екі білеулі КДП-4,0 М тіркемелі шөпшапқыштың тәжірибелік үлгісі институттың тәжірибелік-эксперименталдық цехында жасалды. 
 Ол екі дөңгелегі бар бір жалпы рамада орнатылған екі сегментті-саусақты кесетін аппараттан тұрады. Жұмыс үлгісі трактордан қуат алу білігінен және ременьдік беріліспен келтіріледі. Пышақтың екі еселенген жүрісі бар қалыпты кесетін аппарат ішкі төсемде орнатылған жаңа иінді-білік бұлғақты механизммен келтіріледі. КДП-4,0М шөпшапқышы бір білеулі КС-Ф-2,1 сериялы шөпшапқыш модулін біріздендіруге ие және техникалық қызмет көрсетуге жақсы бейімделген. Табиғи және себілген шабындықтың тегіс емес рельефі жағдайында, сондай-ақ, үлкен және шағын алқапта жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Ұсынылған екі қабатты КДП-4,0М тіркемелі шөпшапқышқа ұқсас шөпшапқыштың кемшілігі ескеріліп, жойылды. 
Екі білеулі тіркемелі шөпшапқышта кесу аппараты модульдік түрде орындалған. Олар негізгі рамадан оңай алынып, трактордың 3 нүктелі артқы ілгегіне орнатылады және бір білеулі шөпшапқыш ретінде жұмыс істейді. КДП-4,0М тіркемелі шөпшапқыштың негізгі артықшылығы, онда табиғи және себілген шабындықтың тегіс емес рельефіндегі шалғылардың жұмысын қамтамасыз ететін кесу аппараты жетегінің жаңа механизмі пайдаланылды. Тіпті сыртқы төсем ішкі төсемнен 20 см. жоғары болған жағдайда жетек механизмі конструкциясында пышақ қысылмайды. Сөйтіп, кесу аппараты бөлшектерінің сынуы жойылып, пайдалану мен қызмет ету мерзімі артады. Пышақтың екі еселік жүрісімен жаңа иінді-білікті бұлғақты механизмді қолдану кривошиптің айналу жиілігін 1,5 есеге, инерциялық күшті 1,2-1,3 есеге төмендетіп, өнімділікті 1,6 есеге арттырады. Сондай-ақ, шөп шабу үрдісінің энергия сыйымдылығын төмендетуге мүмкіндік береді. 
Екі білеулі КДП-4,0М тіркемелі шөпшапқыштың техникалық жаңалығы ҚР № 23288 және 26421 инновациялық патенттермен қорғалған. СТ ЖШС 0711400007530-02-2018 ұйым стандарты әзірленді. Тауардың шығуы туралы №10200118 сертификат алынды. СТ-KZ нысаны. КДП-4,0М шөпшапқышының бірнеше ерекшелігі бар. Ондай шөпшапқыш жергілікті жердің тегіс емес рельефінде жұмыс істей алады, қажет болған жағдайда кесу аппараты негізгі рамадан оңай алынады және 9-14 кН класты трактордың артқы ілгегіне орнатылып, бір білеулі кескіш ретінде жұмыс істейді. Транспорттық жағдайда трактормен шөпшапқыштың габариттік ені 3,0 м., бұл тасымалдау жылдамдығы мен қауіпсіздігін едәуір арттырады. Екі білеулі КДП-4,0М тіркемелі шөпшапқыштың қабылдау сынағының нәтижесі бойынша сынақ зертханасы өндіріске жіберу үшін оның тәжірибелік үлгісін дайындауды ұсынды. Екі білеулі КДП-4,0М тіркемелі шөпшапқышты елдің фермерлік және ұжымдық шаруашылығында себілген және табиғи шөпті шабуға кеңінен қолданылады.

Өмірсерік ЖОРТУЫЛОВ, 
«Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас ғылыми қызметкері,
 техника ғылымдарының докторы, профессор