ТӘТТІ ТҮБІР ӨСІРЕДІ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1051
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде егін егіп, одан өнім жинауға қызығушылар саны артып келеді. Сондай шаруашылықтың бірі – «Ж-Анар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 

Н. Алдабергенов ауылының тұрғыны Саят Жуанышбеков басшылық жасайтын серіктестік құрылғаннан егін шаруашылығына ден қойған. Биылға 28,8 гектардың барлығына қызылша егу жоспарда бар. Былтыр қызылша және майбұршақ тұқымдары себілген.   
Қазіргі уақытта егін алқаптарын қоршау жұмыстары аяқталып, жер жырту мен егу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
– Былтыр қызылшаның «Ардан» тұқымынан әр гектарынан 650 центнер, майлыбұршақтың гектарынан 22 центнерден өнім алдық. Биыл  өнімділігі жоғары «Игорь» тұқымын себеміз, – дейді Саят Төркімбайұлы.  
Жанар-жағармай, тұқым сатып алу жағын егіншілер әзірге өз күштерімен шешуде. Сондай-ақ, С. Төркімбайұлы егіс жұмыстарына жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарды тартуда.
Жалпы, Н. Алдабергенов ауылы 560 гектар алқапқа қызылша, 2000 гектарға майбұршақ тұқымын себуді жоспарлап отыр. 

Еңлік ҚАБДЕШ
Ескелді ауданы