НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ!

Уақыты: 28.04.2019
Оқылды: 1663
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көктемгі дала жұмыстары күннен-күнге қарқын алып келеді. Бүгінгі таңда аудан диқандары арпа-бидай егуді толық аяқтап, алдағы күріш егуге дайындық жұмыстарын жасауда. 

Жалпы биылғы жылға аудан көлемінде 29 809 гектар жерге егін егіледі деп жоспарланса, оның 12733 гектарына көпжылдық шөп, 2145 гектарына арпа, ал 4675 гектарына бидай себілді. Сонымен қатар, 1334 гектар жерге сүрлемдік жүгері, 300 гектарына дәндік жүгері және 8861 гектар жерге күріш дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Ал, қалған егістік алқапқа бау-бақша өнімдері өсіріледі. 
Шуақты көктемнің әрбір күнін тиімді пайдаланып жатқан диқандардың жұмысымен жақынырақ танысу мақсатында осы аптаның басында аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов пен аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, Береке ауылдық округінің әкімі Мұрат Түймебаевтар «Тамшыбұлақ» ЖШС-нің егіс алқабына барып қайтты.
Аталмыш шаруашылықтың директоры Мұстафа Қалиев аудан басшысына шаруашылыққа тиесілі 4699 гектар суармалы егістік алқаптың 1300 гектарына бидай егілгенін, ал 144 гектар жерге көпжылдық шөп және 1800 гектарына күріш себу жоспарланып отырғанын айтып, дайындық жұмыстарымен таныстырып шықты. 
Егіс алқабында еңбек көрігін қыздырып жүрген азаматтармен әңгімелескен Ғалым Қасымұлы алдымен олардың жағдайларын сұрап, одан кейін жұмыс ретіне көшті. Әңгіме барысында «Тамшыбұлақ» ЖШС директорының орынбасары Нұркәрім Базарбаевтан ерте көктемде бидай егудің тиімділігін сұрап, «Не ексең, соны орасың» деген мақалды негізге ала отырып, өз ойын ортаға салды.

Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ 
Балқаш ауданы