Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ІРГЕЛІ ІСТІҢ БАСТАУЫ

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 236

Сарыжаз ауылының тұрғыны Сержан Бөрібаев үйінің жанынан шағын жылыжай тұрғызған. Ені 6 метр, ұзындығы 12 метр болатын шағын жылыжай өз игіліктері. Негізі жаз маусымына арналған жылыжайда қияр, шалғам, қызылша, көк пияз өсіп тұр.

– Басты мақсатым – осы шағын жылыжай арқылы тәжірибе жинақтау. Бұл үлкен шаруамның бастауы десем, артық айтпаймын. Келешекте қысы-жазы жеміс беретін үлкен жылыжай тұрғызсам деген ойым бар, – дейді қожалық иесі Сержан Бөрібаев. 
Өз қалауымен дастарқанына қажетті жемістерін дайындап жүрген оның үлкен іске ынтасы бары шүбәсіз. Жердің астын екі метр тереңдікте қазып жасайтын жылыжайы қысы-жазы жұмыс істейтін болады. Сол кезде оның игілігін айналасындағы ел мен жұрт та сезінеді. Оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың да қажеттігі бар. Өйткені, өңірде жылыжай жоқтың қасы. Алдағы уақытта өз бетінше жылыжай салып, игілігін көріп жүрген, оның іргесін кеңітсем деген үлкен мақсаттағы азаматқа ауыл, аудан тарапынан қажетті қолдау, көмек көрсетіледі деген үміттеміз. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы