Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

60 ПАЙЫЗЫ ШЕТЕЛГЕ САТЫЛАДЫ: ЖУРНАЛИСТЕР АККУМУЛЯТОР ЗАУЫТЫНА БАРДЫ

Уақыты: 09.10.2019
Оқылды: 66

«Қайнар АҚБ» ЖШС жыл сайын 2,5 миллионнан астам аккумулятор шығарады. Оның 60 пайызы сыртқа экспортталады. Сонымен бірге, өндіру қуаттылығын 2020 жылы 3 миллион тауарға жеткізу үшін Қазақстан Даму Банкі кәсіпорынға инвестиция құйған. Бұл жөнінде кәсіпорынға ұйымдастырылған баспасөз туры барысында белгілі болды.

Зауыттың жұмыс барысымен таныстырған «Қайнар АҚБ» ЖШС өндіріс жүйесін және сапаны дамыту жөніндегі директоры Олег Кабанов әр цехқа жеке-жеке тоқталып, өз кезегінде кәсіпорынға банк тарапынан бөлінген қаржы жөнінде айтып берді.

– ҚДБ 2018 жылғы желтоқсанда экспортқа жіберілетін стартерлік қышқылды аккумуляторлық батареялар жасауға арналған шикізатты сатып алуға үш жыл мерзімге 2 млрд. теңге көлемінде жаңартылған кредит желісін іске қосты. Экспорт алдындағы қаржыландыру «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ұсынылады, – деген Қазақстан Даму Банкі клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекцияның қызметкері Ербол Сәлімбаев қатысушыларға тур мақсатын түсіндіріп өтті.

Өз кезегінде «Қайнар АҚБ» ЖШС қаржы директоры Бақытгүл Күдерінованың айтуынша, жыл басынан бері зауытта 1,5 миллионға жуық аккумуляторлық батереялар жасалған. Оның 839 мыңы Ресей, Украина, Белоруссия, Әзербайжан, Түркімения, Грузия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерге экспортталды. Кәсіпорында өнімнің жартысынан көбі ТМД елдеріне тасымалданады.

Мамандардың айтуынша, банк ұсынған қаржы 2020 жылға қарай өндіру қуаттылығын жылына 3 миллион аккумуляторға дейін ұлғайтып, нәтижесінде, шетелдік нарыққа көптеп экспорттауға мүмкіндік туады. Бірнеше сағатқа созылған турда компаниядағы циклды аккумуляторлық батареялар өндірісінің зауыты, батареяның бөлшектерін құю мен ол жинақталғанша өтуі тиіс үдерістердің барлығы түсіндіріліп, көрсетілді.

Айта кетерлігі, «Қайнар АҚБ» зауыты бүгінгі таңда 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Аймарал ОМАР

Сурет ғаламтордан алынды