Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ӘЛДЕҚАЙДА ЖЕҢІЛ": ҚЫЗЫЛША ӨСІРУДІҢ ЕШ ҚИЫНДЫҒЫ ЖОҚ

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 123

Биыл «Алмалы» сервистік-дайындау орталығының (СДО) директоры Қанат Білескелдінов 6 мың тоннадан аса тәтті түбір жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Мемлекеттің қолдауымен бөлінген элиталық тұқымдар мен ауылшаруашылығы техникасының арқасында осындай жақсы өнімге қол жеткізілді.

Қанат Білескелдінов ауылшаруашылығымен бұрыннан айналысады. 1996 жылы Қарағанды политехникалық институтын «инженер-технолог» мамандығы бойынша тамамдап, туған жері Сарқан ауданындағы Абай ауылына қайтып оралады. «Жас қанат» атты шаруа қожалығын құрып, басында арпа, бидай, бұршақ, кейіннен басқа да ауылшаруашылығы дақылдарын еге бастады.

– Алғашында мұндай жұмыспен айналысу оңай болмады. 20 жыл бұрын қандай да бір мемлекеттік субсидиялар, жеңілдетілген шарттармен тұқым, техника сатып алу сияқты қолдау құралдары болмады. Ол кезде шаруашылықты сақтап қалу міндеті тұрды, – дейді кәсіпкер.

Қанат Білескелдінов елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақта қант саласын жаңғырту туралы бастамасын қолдаған кәсіпкерлердің бірі болды. Қант қызылшасын өсіруді бірінші рет қолға алса да  оған ауылшаруашылығындағы көп жылдық еңбек тәжірибесі көмектесті.

– Біз осыдан бес жыл бұрын қызылша еге бастадық. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сүйемелдеуімен сервистік-дайындау орталығы құрылды. Қазіргі заманғы техниканың көмегімен шаруашылықтың шығындарын бірнеше есеге төмендеттік. Қазір жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл, – дейді кәсіпкер.

«Алмалы» СДО 2013 жылы құрылып, оған «Алмалы Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі, «Блискельдинова Г.Т.» жеке кәсіпкерлігі және «Жас қанат» шаруа қожалығы бірікті. Алғашқы жылы қант қызылшасы бірнеше гектар жерге себілді.

Қанат Білескелдінов  «Биыл СДО аясында 170 гектарға қант қызылшасы егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 гектарға артық. Алдыңғы жылдан бастап «Ардан», «Дануб», «Гримм», «Новелла» сияқты жоғары сапалы еуропалық қызылша тұқымдарының 300-ге тарта бірлігін сатып алдық. Олардың бәрі жергілікті ауа райына өте төзімді және жоғары өнімділігімен ерекшеленеді», – дейді.

Осы жылы аталмыш орталық егіс алқабына қызылшаның «Новелла» атты элиталық тұқымын септі. Бұл – қызылша тұқымын селекциялау, өндіру мен сату бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын даниялық «Марибо» кәсіпорнының тұқымы. «Новелланың» ауруларға төзімділігі жоғары, орташа және кеш мерзімге қарамастан жиналған қантты жоғалтпай жинауға мүмкіндік береді.

Бүгінде СДО теңгерімінде «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қаржылық лизинг бойынша 42 ауылшаруашылығы техникасы алынды. Олардың ішінде тракторлар, тұқым сепкіштер, культиватор, қызылша жинайтын комбайн және басқа да техника бар.

Кәсіпкердің айтуынша, қызылша жинауда Grimme маркалы неміс комбайны таптырмайтын құрал. Grimme – картоп жинау жабдықтарын, қызылша мен өзге де көкөніс дақылдарын жинауға арналған техниканы шығаратын әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Кәсіпорын сонау 1861 жылы құрылған. Комбайн қызмет көрсетуінде жеңіл, шығыны төмен, өнімді жақсы тазалайды және қатты топырақтарда қызылша жинау жұмысын жүргізе алады.

Өткен жылы алмалылықтар 5 мың тонна  қызылша жинаса, биыл 6 мың тоннадан аса тәтті түбірді Ақсу қант зауытына қабылдауға өткізді. Қазіргі уақытта маусымдық жұмыстарды есепке алғанда сервистік-дайындау орталығы 40-қа жуық адамды жұмыс орнымен қамтып отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА