Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖҮКТІ КЕЗІМДЕ ОЙЛАДЫМ": ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ӘЙЕЛ КИІМ ТІГЕТІН КӘСІПОРЫН АШТЫ

Уақыты: 22.02.2020
Оқылды: 644

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алған Наталья Рыбченко бүгінде шағын кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Жеке кәсіпкер алдымен екі күндік «Бизнес кеңесші» онлайн курсынан өтіп, кейіннен комиссия алдында балалар текстилі жобасын сәтті қорғап шықты.

Кәсіпкер келіншек бизнеспен айналысуды аяғы ауыр кезінде ойға алыпты. «Жүкті кезімде ойладым. Балама түрлі киім тігіп, бөлмесі мен төсегін әдемі текстильмен әрлегім келді. Бірақ ғаламтор арқылы тапқан заттарым көбіне Ресейде жасалады екен. Ал оны алдыру уақытты талап етеді және қосымша ақшалай шығын екені белгілі. Кейіннен облыстық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» курсынан өтіп, жобамды жазып шықтым. Ол комиссия тарапынан қолдау тауып, грант ұтып алдым. Берілген қаражаттың басым бөлігі құрал-жабдықтар мен тігін машиналары сияқты керек-жарақтарға жұмсалды. Сонымен бірге, қажетті маталар сатып алдық», – дейді «DIAMAN-METALL» жеке кәсіпкерлігінің иесі Наталья Рыбченко.

– Кәсіпкердің өз шеберханасын ашқанына үш айдай уақыт болды. Онда балалар киімі мен ойыншықтар және оларға қажет басқа да заттар тігіледі. Қазір Талдықорған қаласындағы сауда орталықтарының бірінде тапсырыс қабылдап, тұрғындардың сұранысын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы  Бақытгүл Қойшыбаева.

Бүгінгі күні облыста бизнес жобаларды жүзеге асыруға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау көрсетуде. Мамандар тегін кеңес беріп, түйткілді мәселелерді де бірлесіп шешуде.

Қазіргі кезде аймақта шағын және орта бизнеспен айналысушылардың саны 122 мыңнан асты. Оның 64 мыңнан астамы жеке кәсіпкерлер. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста өткен жылы 242 қатысушы жоба тапсырып, оның 88 қатысушысы 141 миллион теңге көлемінде грант ұтып алды.

Айта кетейік, аталған бағдарлама биылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2025» деп аталатын болады. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы