Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖАНЫМДЫ САЛАМЫН": ІС ТІГУ ӘЙЕЛ АДАМДЫ САБЫРЛЫҚҚА ҮЙРЕТЕДІ

Уақыты: 26.03.2020
Оқылды: 340

Сөзге шебер, іске ұста болған халқымыздың төл мәдениетінің бірі – қолөнер. Ұлт өнерін ұлықтап жүрген қазақ әйелдері саусақпен санарлық. Соның бірі – көркем кәсіпті жандандырып келе жатқан кешегі аналардың сарқыты Айман ЖОЛТАЙ.

БАЛА КҮТІМІНДЕ отырған Айман ең бірінші отбасы, ошақ қасын ойлаған шаңырақтың анасы. Бірақ кәсібінен нәсіп тауып отырған ол алғашында бұл істі тек өз ермегі ретінде атқарып жүрген. Талантты әйелдің қолына түскен кез келген дүние лезде-ақ жарқыраған, керемет дүниелерге айналады. Көрген адам көзін ала алмайтындай әсем бұйымдар жасалады. Осылайша, әжесінен қайшы мен иненің қасиетін бойына алып қалған педагог әйел хоббиін бизнеске айналдырды.

Ешкімде жоқ дүниені ойлаған Айман жаңа үлгіде, жаңа маталармен жұмыс жасайтын Гүлмира Уәлиханның шеберлік сыныбына қатысып, шеберханадан ерекше шабыт пен жігер алып келген соң жан құрбысын да осы бағытқа баулиды. Араға аз уақыт сала, өз шеберханасын ашады. Құрбысы Бақытгүл екеуі қазіргі таңда үлкен жұмыс атқарып келеді. Мамандығы суретші Бақытгүл ою-өрнектің сан түрін ойып, әдемі көрпеге қапсыра тігеді. Жандары нәзік болса да, үлкен жүкті арқалап жүріп, ерекше отандық өнімді шығарумен айналысқан олар көптен алғыс қана арқалап жүр.

Шағын ғана шеберханамызды үлкен бақыт ордасы деп айта аламын. Себебі, біздің қолдан шыққан көрпелеріміз қуанышқа алынады. Маған кәсібім қатты ұнайды. Әр бұйымға жанымды саламын. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мен кәсіби тігін машинасын сатып алдым. Кәсібімді ашқан соң нағыз өз ісімді тапқанымды түсіндім. Бүгінде қыз жасауына арнайы тапсырыс беретіндер қатары артты. Қолдан жасалған көрпе мен дүкен сөресіндегі көрпенің айырмашылығы жер мен көктей. Себебі, шеберлер көрпенің бірінші қандай мақсатқа арналатынына назар аударады. Мысалы, қыз жасауы болса, ондағы ою-өрнек қыздың өскен ортасы, алған тәлімі мен тәрбиесі, туған ұясы туралы мәлімет беруі керек. Қол көрпесі жылылығымен, ішіне салынатын салмасының жылжымай, қапсырылып тігілуімен, ұзақ уақытқа жарамдылығымен бағаланады. Сондықтан да, қазір қолөнер туындыларының қыз бала жасауында алар орны зор. Қалай десек те, ұлттық құндылықты құлдыратып алмау өзімізге байланысты екенін естен шығармауымыз керек.  Тек қазақ халқы ғана ата-баба аманатына қиянат жасамайды, – дейді қолөнер шебері.

КӘСІПКЕР ХАНЫМ өнім сапасына қатты көңіл бөледі. Тек экологиялық таза материалдар, меринос қой жүні, альпалюкс пен Америка мақтасын сатып алады. Мұндай көрпені жамылып, төсенуге ыңғайлы және ұзаққа шыдайды. Тігіншілік өнер үнемі бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелеуді айтпасақ та түсінікті. Сан алуан түсті маталарды қиюластыру арқылы қиыстырып, үйлестіру дегеніңіздің өзі үлкен еңбекті талап етеді. Кейіпкеріміз ине-жіппен бала күнінен достасып үлгерген. Қол мәшінкесіне ешкімді отырғызбайтын нағашы апасы («дәу мама» дейді) Айманға келгенде темірдей тәртіпті ұмытып кететін.

Мүмкін, өмірден түйгені көп асыл ана сол кезде-ақ Айманның ісмерлігін байқаған шығар, бәлкім? Ең алғаш кішкентай немерелеріне алжапқыш тіктіру арқылы Айманның бойындағы өнерді байқаған апасы кейін келе бөстек, құрақ көрпе құраудың қыры мен сырын үйреткен. Оқу бітіріп, үлкен өмірге аяқ басарда Айман жасауын өз қолымен тіккен.

Жалпы, әйел затының ісмерлікке жақын болғаны дұрыс. Қолыма ине-жіп алсам, санам сергіп, ерекше жеңілдеп қаламын. Іс тігу әйел адамды сабырлыққа, үнемшілдікке, төзімділікке үйретеді. Құрақ түрлі түсті мата­дан құралатындықтан адамның қиялы, ойының ұшқырлығы артады. Әсемдікке, әдемілікке құштар бола бастайсың. Үнемі осы іспен айналысқандықтан әр бояудың өзіндік сырын ұғынады екенсің. Іс тігу өзім үшін де, отбасым үшін де пайдалы. Ал көпшілікке, қоғамға дәл қазір пайдам тиіп жатқаны үшін өзімді бақытты санаймын, – дейді шебер ана.

АРМАНДАУДАН ШАРШАМАУ керектігін айтқан кейіпкеріміз алға қойған жоспарының орындалатынына сенеді. Себебі, ол армандау арқылы талмай еңбек етіп, мақсат-мұратына қол жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келген кезінде арнайы кездесіп, еркін тақырыпта өткен «дөңгелек үстелге» қатысып, өз ойымен бөліскен сәтін өмірінің жарқын белесі санайды.

Аяулы ана болашақта үлкен цех ашуды армандайды. Айманның қолдаушысы отбасы. Өмірлік серігі мен қызғалдақтай құлпырған қыздары оған шабыт беріп, өмір сүруге деген құлшынысын арттырады. Бар ынта-жігерін жұмысқа арнау арқылы талай отбасына қуаныш сыйлап, нәзік жандарды жұмыспен қамтып, отандық өнімді сауда кеңістіген шығарған Айман Жолтайдың ісіне береке тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы