Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"НЕСИЕ АЛҒАН ЖОҚПЫН": ЕҢБЕКҚОР БАҒБАН 50 ГЕКТАРҒА АЛМА АҒАШЫН ЕКТІ

Уақыты: 09.05.2020
Оқылды: 472

Жазиралы Жаркент өңірінде кәсібін несібесіне негіз еткен  еңбекқор жандар аз емес. Солардың бірі бағбандықты әулетінің  дәулетіне айналдырған байырғы бағбан Амролла Абдуллаев ақсақал. Жеміс-жидек өсірудің қыры мен сырын бала кезден  меңгерген қария соңғы жиырма жылдан астам уақытта өзі құрған «Абдуллаев» қожалығын қордалы өндіріс орнына айналдырды.

Бағбан  қожалығында 50 гектар  жерге  алманың  қыс  маусымына  сақтайтын сұрыптарын және 5 гектар  алқапқа жүзім өсіріп, жыл  сайын олардан мол өнім жинап жүр.

Өткен жылы осы бақтың әр  гектарынан 150 центнерден алма және 120 центнерден жүзім жинап сақтап, Жаркент өңірінің тұрғындарын экологиялық таза жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз етті. Бағбан экологиялық таза өнімдерін Қырыққұдық ауылының жанындағы күрежолдың бойына салынған дүкен арқылы қарапайым халыққа қолжетімді бағада қысы-жазы тұрақты бөлшек және көтерме бағада саудалайды. Қыс маусымында алмасы мен жүзім жемісін Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларынан келуші саудагерлерге көтерме бағада өткізіп жүр. Қожалық басшысы үйінің жанында әрқайсысының сыйымдылығы 120 тоннаға жуық екі жертөле қойма  салып, оның ішіне жеміс өнімдері бір қалыпты температурада ұзақ  мерзім бұзылмай таза сақталатын етіп, арнаулы құрылғылар  орнатқан.

Амролла Абдуллаев бұрын осындағы жеміс-жидек кеңшарында  қатардағы жүзім өсірушіден бастап бригадир, агроном, учаске меңгерушісі, директордың орынбасары қызметіне дейін өсіп, 40 жыл еңбек етіп, бағбандықтың мән-жайын терең меңгерген адам. Сондықтан да болар, ол жекеменшіктің желкені көтерілген сәтте  еш тартынбастан жеке шаруа қожалығын құрды. Бастапқыда иелігіне тиген 24 гектар суармалы алқап, 159 гектар жайылымдық  жерін меншіктеп, тараған шаруашылықтан үлесіне бұйырған бір  «Беларусь», бір  «ДТ-75» тракторымен білек сыбана іске  кірісті.

Бастапқыда үйреншікті кәсібім деп 3 гектар алқапқа шараптық жүзім сұрыптарын өсірді. Келе-келе нарықтың саудалауға, сақтауға тиімді заңдылығына икемделіп, шаруашылық өндірісін  жан-жақты дамытуды да қолға алды. Алдымен 5 гектар жерге  алма, буданды өрік, басқа да жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды. Екі-үш жылда бағы жайнап, жеміс ағаштары гүлдеп, өнім де бере бастады.

– Банк атаулыдан ешқандай несие алып көрген жоқпын, – дейді Амролла қария, – Жыл сайын салған жеміс-жидек өнімдерін ұқыптап өсіріп, жинап, алғашында Жаркент базарында саудаладым. Содан түскен қаржыны ұқыптап жұмсап, өндірісімді кеңіте бердім. Шүкір, қазір «өз қолым өз ауызыма жетті» дегендей, жыл сайынғы өнім түсімі бала-шағаның молшылықта тіршілік жасауынан  артылып, шаруа-шылықты да шалқытуға жетіп артылады.

Алматы – Қорғас даңғылының бойындағы егістік  алқабының басына тұрғын үй, қора-қопсы салып, оның айналасын абаттандырды. Балаларын да өзі жақсы білетін бағбандыққа баулып, алма бағының көлемін жыл санап кеңітіп, биыл 50 гектарға жеткізді.

Бағбанның бағында қазір алманың «Американка», «Салтанат», «Золотой превосходный», «Дамира», «Рашида», «Азат-гол», «Джанарет», «Восход» тағы басқа қыстық  сұрыптары өсірілген. Бұлардың арасында дәмі тіл үйіретін сары  алтындай «Золотой  превосходный», қызыл түсті «Рашида» мен «Салтанат» сынды алма сұрыптары базарда бағалы. Сол сияқты  жүзімнің дастарқанның сәнін кіргізетін мойылды «Тайфи роза», «Қызыл глобус» сұрыптары қыс бойы түрі мен дәмін бұзбай сақтауға төзімді.

Бүгінде табыстың тайқазанын тасытып отырған бағбанның Ақкент ауылының іргесіндегі Алматы-Қорғас даңғылының бойында тұрған жеміс бағына жолаушылар қызыға қарайды. Мұнда  алыстан ат арылтып арнайы келіп, Әбекеңнің жеміс-жидек  өсірудегі тәжірибесінен тәлім алушылар да аз емес.

Мырзағали  НҰРСЕЙІТ

Панфилов  ауданы

Алматы облысы