ТЕКЕЛІДЕ КӨПКЕ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР БІРІНШІ БОЛЫП ДАУЫС БЕРДІ - ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 1056
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін 20 қараша, сағат 7:00-де Текелідегі барлық сайлау учаскелері ҚР Мемлекеттік Гимнімен салтанатты түрде ашылды.

№1035 сайлау учаскесіне Текелі қаласының Құрметті  азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, қалалық ардагерлер кеңесінің және қоғамдық кеңестің төрағасы Е.Дүйсебаев келіп, саяси шараның ашылуымен құттықтап, баршаға сәттілік тіледі.

Ертай Жұманбайұлы жұбайы Гүлнұр Ғалымжанқызы екеуі алғашқылардың бірі болып ел болашағы үшін дауыс берді.

«Қазақтың ұлан-ғайыр даласы бар, жерінің асты да, үсті де, қазынаға толы. Осынау байлықты халық игілігіне жарата білу қажет. Егемен еліміздің бағындырған белесі мен болашақта алар асулары көп. Келешегіміз кемел, абыройымыз биік болуы үшін мемлекеттік саясат пен елді соңынан ілестіре алатын тұлға керегі белгілі. Ел Президентін таңдайтын айтулы күн де келіп жетті. Ендеше, сайлауға белсенділікпен қатысып, дұрыс таңдауымызды жасайық, ардақты ағайын!» - деді ел ағасы.

Бар мейірім мен жылулықтың, тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Отбасылардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани әлеуеті жиынтықтала келе тұтас қоғамның келбетін көрсетеді. Сондықтан, өнегесі мол, өсіп-өніп, тамырын тереңнен тартқан әулеттерді көпке үлгі етудің, отбасылық ұстанымын, ұлағатын, ұрпаққа сабақ болар өмір өрнегін паш етудің маңызы зор. Осындай қазыналы, қабырғалы әулеттердің бірі – Текелідегі Керейбаевтар отбасы.

Сазгерлікке құлаш ұрып, көш басында тұрған Мэлс Рамазанұлы қазір 350-ге тарта ән мен күйдің, «Сәбиім – ән-күйім», «Отан – біздің әніміз», «Ән шырқа, жас ұлан», «Сағынам, туған мекенім» ән жинақтарының, «Толқиды Ақсу» кітабының авторы. Оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі атанған ол Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Текелі қаласының Құрметті азаматы.

Бүгін қаламыздағы №1035 сайлау учаскесінде Керейбаевтар отбасы өз таңдауын жасап, дауыс берді.

«Егемен, еңселі еліміз үшін  тұрақтылық пен тыныштықтан, тұнығы лайланбаған татулық пен бірліктен асқан байлық жоқ. Қазақстанның қара ормандай халқы қашанда игі іске жұмылған жұдырықтай атсалысады. Үлкен маңызды оқиға кезектен тыс Президент сайлауына да азаматтарымыз бірауыздан қатысып, таңдаған кандидаттарына дауыс береді деп сенемін. Әрқайсымыз бейбіт те берекелі еліміздің келешегі үшін, ұрпағымыздың ертеңгі бақуатты өмірі үшін азаматтық танытайық, сайлауға бей-жай қарамайық, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалайық дегім келеді», - деді Мэлс Керейбаев.

Мэлс Рамазанұлының жары Алтынай Дәулетбекқызы да ардагер ұстаз. Балалар шығармашылығы орталығында әлі күнге дейін балаларды домбыра тартуға баулып жүр. Әке жолын қуған ұрпағы да өнерден алыс кетпей, барлығы ұстаздық жолды таңдады. Әуен, Дәурен, Мұхтар, Құралай, Қуаныш, Қайрат бала-шағаларымен жинала қалса, рухани әңгіме өрбиді, кішігірім концерт өтеді. Осының бәріне тәубе айтып, төрде отырған Мэлс ата мен Алтынай әже бүгінде 16 немере, 3 шөбере және екі жиен немере мен жиеншарының тілеуін тілеп, ұрпақ аман, заман тыныш болсын дейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"