Атырауда дронның көмегімен Жайық суына мониторинг жүргізілуде

Уақыты: 29.04.2024
Оқылды: 250
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Атырау облысында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп баяндады.

Су тасқыны жағдайына мониторинг дронның көмегімен жүргізілуде.

«Бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен тәулікте Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 500 шақырымнан астам бөгет салынды. Құлсары қаласында су басқан аумақтан жылжымалы сорғы станциясы мен мотопомпаның көмегімен 207 мыңнан астам текше метр су сорылды», - деді ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп Орталық коммуникациялар қызметінде.

Республика бойынша 38 521 адам өз үйлеріне оралды, 6 726 адам эвакуациялау пункттерінде қалып отыр.

Су тасқыны бастағалы бері 12,9 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 20 мыңнан астам адам, 2 772 техника, 335 су сору құралы және 249 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

«Бұған дейін Алматы қаласынан, Қарағанды облысынан Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына көмекке барған Қорғаныс министрлігі күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына қайтарылуда. Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің күштері Ақтөбе облысында жалпы ауданы 403 гектар су басқан аумақта дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді», - деді спикер.

Фото: pyxabay.com