Бәрекелді! Көкпектіге тегін автобус жүреді

Уақыты: 23.05.2023
Оқылды: 785
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«СГЦ Қаратал» ЖШС-нің демеушілігімен Үштөбе – Көкпекті – Үштөбе бағытында жолаушы тасымалдау автобус маршруты ашылды. Үштөбе, Көкпекті, Қожбан, Айту бағытында ары-бері  тегін қатынайтын көлік күнделікті 2 мәрте толық жүргізіледі.

Жолаушылар тасымалдау бойынша жеке кәсіпкер Қ. Исабаев, «СГЦ Қаратал» ЖШС-нің меңгерушісі Е. Урымбаев және Айту би ауылдық округі әкімінің аппараты арасында меморандум жасалып, тиісті келіссөздер жүргізілді.

Бұл жаңалықты басында ауыл тұрғындары сенімсіздікпен қабылдады. Іс-шара барысында ауылдық округ әкімі Медет Серғазыұлы сөз алып, жағымды істің маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында тұрғындардың қуанышын аудандық ардагерлер ұйымы мен «Аmanat» партиясы аудандық филиалы да бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Округтік әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлсім Есентайқызы шашу шашып, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абай Құрмашев, Ерболат Урымбаев салтанатты рәсім жасады.

Ж. Молдағалиев атындағы орта мектептің директоры Сәуле Рымбайқызы, ауыл тұрғындары Ғалия Дүйсекенова, Пәнәй Құрмашева, Оразхан Қасенова көпті құттықтап, «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген Шерхан Мұртазаның өнегелі сөзіне сай толғам жасады. Жақсы іске мұрындық болған басшыларға алғыстарын айтты. Шара барысында кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына әлеуметтік тұрғыда да қолдау білдіретіндерін айтты.

Рахымғали ӨТЕГЕНҰЛЫ
Көкпекті ауылы,
Қаратал ауданы