БАҚ өкілдері, қоғамдық даму басқармасы қызметкерлері Гимн орындады

Уақыты: 04.06.2023
Оқылды: 706
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан 1992 жылғы 4 маусымда мемлекет ретінде өзінің Мемлекеттік рәміздерін – Туын, Елтаңбасын бекітті. Осы жылдың 11 желтоқсанында «Мемлекеттік Гимн туралы» заңға қол қойылды. Содан бері елімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып  келеді.

Елдігіміздің алтын айғағына айналған ҚР Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында қаламгерлер де мерекені ерекше өткізейік деп жүрек қалауымен Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінің алдына жиналды. Журналистер үйінің сыртқы қабырғасына Ту ілініп, БАҚ өкілдері қоғамдық даму басқармасы қызметкерлерімен бірге Гимнді орындады. Жиналғандардың қолға жалауша ұстап, асқақтата айтқан Гимні ерекше әсерге бөледі.

Осыдан кейін жиналған жұртшылық тәуелсіз елдің көк аспанында желбіреп, асқақ рух беретін Туымыздың тұғыры биік болуын тілеп, бір-бірін мерекемен құттықтап жатты. Тағылымы мол шара соңында барлығы Көк байрақты ұстап, естелік суретке түсті.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн – халқымыздың мызғымас негізі. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттігін айқындайтын мереке құтты болсын! Көк байрағымыз желбіреп, Елтаңба асыл мұрамызды қасиет тұтып, Гимніміз асқақтай берсін!

"Жетісу-Ақпарат"
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ