"Отписка жасауды қашан тоқтатасыздар?": Депутат "тыңдамайтын" үкіметті сынға алды

Уақыты: 07.06.2023
Оқылды: 679
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай депутаттық сауалға жауап бермейтін үкімет мүшелерін сынға алды.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы El.kz ақпарат агенттігі дерегін негізге ала отырып хабарлайды. 

Құрметті Үкімет мүшелері, төрт көздеріңіздің түгел отырғанын пайдалана отырып, мен бүгін сіздерге барша Парламент Мәжілісі депутаттарының датын жеткізгім келеді. Біз әрбір апта сайын құйрық жалын түйіп, аманаттап, сіздерге депутаттық сауалдар жолдаймыз. Өкінішке қарай, сол депутаттық сауалдардың көбісіне қанағаттанарлық жауап ала алмай келе жатырмыз. Халықтың ішінде «Депутат айта береді, үкімет өз білгенін істейді» деген сөз мәтелге айналып барады. Мемлекет басшысы «Халық үнін еститін үкімет қалыптасуы керек» деді. Депутаттардың әрбір сауалының астында халықтың үні, талап-тілегі, тағдыры жатқан жоқ па? Сондықтан да құрметті үкімет мүшелері, отписка жасауды қашан тоқтатасыздар? Осы үкімет мүшелерінің атынан премьер-министрдің бірінші орынбасары РОман Склярдың бүгін уәдесін естігіміз келеді, - деді депутат.

Депутаттың уәжіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр "уәде етеміз" деп жауап берді.  

Құрметті депутаттар, депутаттық сауалға қатысты жауапты уақытында беруге уәде етеміз. Егер қосымша сұрақтарыңыз болса, барлық үкімет мүшелері әрдайым жауап беруге ашық, - деді Роман Скляр.

Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов болса, атқарушы билікке күзге дейін уақыт беретінін айтты. 

- Былай істейік, аппарат бар, депутаттық сауал жолдаған біздің әріптестер бар, біздің барлық сауалға жіберілген жауапқа сараптама жасайық. Премьер-министрдің атына менің қолыммен хат жіберейік. Егер одан нәтиже болмайтын болса, күзде осы мәселеге қайта оралып, Үкіметті шақырып, тыңдауға мүмкіндігіміз бар, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Фото: ашық дереккөзден