ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 01.08.2023
Оқылды: 724
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде Панфилов ауданында 284 мыңнан астам қой-ешкі, 89 мыңнан астам ірі қара, 20 мыңнан астам жылқы және 350 түйе жазғы жайылымға шығарылып бағылуда. Жаз маусымындағы құрғақшылық аудан шаруаларын алаңдатып отыр. Алдағы мал қыстату науқанына тыңғылықты дайындық қажет. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, мал қыстату науқанына әзірден бел шешпей кіріскен абзал.


Сондықтан осынша малды алдағы қыс маусымынан жемшөптен тарықтырмай шығару үшін 85380 тонна шөп, 23600 тонна жоңышқа, 28 мың тоннадан астам сүрлем, 28900 тонна сабан, 12900 тонна пішендеме және 39600 тонна жүгері жемін дайындау шарт. Өңірде қазір мал қыстату мен көктемгі қой төлдету науқанына жемшөп әзірлеу жұмысы қызу қарқын алған.

Ауданда жалпы 5770 гектар шабындық жер бар. Осы шабындықтардан бүгінгі күнге 114 мың тоннаға жуық шөп дайындалды. Оның 11 мың тоннасы пішендеме, 102,8 мың тоннасы табиғи шөп. Мал азығын дайындау науқанына аудан бойынша 118 шөп тайлайтын және 109 шөп шабатын техника әзірленіп, олар қазір шабындықтарда тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Бұдан тыс күзде жүгері алқаптарынан 28,3 мың тонна сүрлем бастырылмақ. Сонымен қатар, 39,6 мың тонна жүгері жемі әзірленеді. Жыл сайын шаруалар жаз маусымында әзірлеген жемшөбінің 80 пайызын қысқы мал қораларының маңына тасып алады. Қазір өңірде мал қорасы мен малшы үйін жөндеп, қыс маусымына дайындау жұмысы қолға алынған. Өңірде жалпы мал қыстайтын 470-тен астам қыстау бар.

Түйіндеп айтсақ, жазиралы Жаркент өңірінде қыс маусымына жемшөп қорын әзірлеу мен қыстауларды дайындау жұмысы жауапкершілікпен атқарылуда.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ