Достық ауылында құбырдан лай су ағып тұрады

Уақыты: 17.09.2023
Оқылды: 685
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекеттік шегараның мықты болуы ел шебін күзетіп отырған әскердің әлеуетіне ғана емес, шеп бұзбай отырған халықтың санына, әл-ауқаты және жұмыспен қамтылуына да тікелей байланысты. Шегаралық елді мекендердің келбеті кез келген мем­лекеттің ішкі ахуалынан хабар береді. Шетелден сапарлай, туысқаншылап, бизнес не кәсіпкерлік байланыспен Қазақстан топырағына алғаш қадам басқандар еліміздің әлеуетін, мәдениетін, беріктігі мен бекемдігін шегара маңындағы елді мекендердің жағдайымен өлшейтіні анық. Бір сөзбен айтқанда, шегара елдің айнасы. Өзгелер сол айнадан нені көрсе, біз жайлы солай қабылдайды. Ендеше: «Біздің айнамыз болған шегаралық өңірлердің жағдайы қалай,  шалғайдағы елдің тыныштығын күзетіп тынымсыз еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің тұрмысы, әлеуметтік мәселелері сын көтере ме? Оларға тиісінше жағдай жасап жатырмыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздеп, «Шалғай ауыл шырағы» айдарының кезекті материалын дайындау үшін облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Алакөл ауданының Достық ауылына жолға шықтық.

Тәуелсіздікпен құрдас ауыл

Бүгінде Достық ауылдық округіне Достық ауылы мен Жалаңашкөл және Көктұма стансылары кіреді. Ауыл 1991 жылы шілде айының 20-ы күні Қазақстан–Қытай теміржолының ашылуымен тұспа-тұс құрылды. Өткен 30 жылдың ішінде ауылды Мэлс Құсбеков, Ерлан Жақиянов, Қуандық Мұхаметқалиев, Қайыржан Қайранбеков, Ринат Құрмаев сияқты азаматтар басқарып, шығыс шегарадағы ауылды өркендету үшін аянбай тер төкті. Бүгін ауыл тізгінін жастайынан мемлекеттік қызметте шыңдалған Ермек Еңсебаев ұстап отыр. Ел аузында Жоңғар қақпасы атанып кеткен елді мекенде 1193 отбасы, 6729 адам тұрады. Негізінен ауылдық округ тұрғындарының 80 пайызы теміржолда жұмыс істейді. Ауылда 36 көше, 8  мемлекеттік мекеме, 3 әскери бөлім, 17 «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мекемесінің бөлімшесі, 1 ауылдық аурухана,  2 мектеп,  1 балабақша, 1 өрт сөндіру мекемесі, 116 шағын және орта бизнес нысаны бар. Ауылдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарда су, электр, жылыту жүйесі орталықтандырылған. Ауыл ішін 36 шақырым көлік жолы байланыстырып тұрады.

– Кейінгі жылдары ҚР «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бірқатар игілікті жұмыс атқарылды. Айталық, теміржол қызметкерлеріне арналған 136 пәтерлі 2 қабатты 10 үй салынып, «Тенгри Достық» ЖШС-нің тапсырысымен логистикалық  жүк ауыстырып тиейтін терминал, «Достық КаргоСервис» ЖШС-нің тапсырысымен «Контейнерлік жүк ауыстыру алаңы» іске қосылды. 250 орынды балабақша, биыл пайдалануға берілетін спорт алаңы ауылдың ажарын аша түсті. Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жеке кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етті.

Биыл көктемгі-күзгі санитарлық тазалық айлығында 700 түп ағаш көшеті, сондай-ақ, тамшылатып суару әдісімен «Жастар» аллеясында әртүрлі гүл көшеті отырғызылып, абаттандыру жұмысы  жүргізілді. «ЕвроТрансГрупп» ЖШС мекемесі ауылға 200 түп шырша ағашын отырғызып берді. Округ бюджетінен «Теміржолшылар» саябағында 3 дана Workout, 10 вазон, Әлібаев көшесі бойына «Достық» стелласы жазуы, «Жастар» аллеясына балалар ойын алаңы, көше тренажерлары,   12 дана орындық  пен стелла орнатылды. Білім беру мекемелерінің алдында жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, ауыл ішіндегі 10 орынның қоқыс тастау алаңы қоршалып, 50  қоқыс жәшігі қойылды, – дейді ауыл әкімі Ермек Сейфил-Мәлікұлы.

Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекеннің мүмкіндігі жыл өткен сайын кемелденіп келеді. «Евротрансгрупп» ЖШС-нің логистикалық жүк ауыстырып тиейтін терминал құрылысы жыл басында қолданысқа беріліп, 6 млрд. теңге инвестицияға салынған терминал жылына 2 млн. тоннадан астам жүк сақтау қызметін атқара бастапты. Шегара өткізу бекетіндегі жүк көліктерінің кептелісін азайту үшін ҚР  Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер департаментінің тапсырысымен бас мердігер қытайлық  «Nuc Tech» ЖШС компаниясы,  қосалқы мердігер «QSM inqenerinq» ЖШС былтыр кеден бекетін  кеңейту жұмысын қолға алған.  Жалпы құны 15 млрд. теңгені құрайтын жоба толық аяқталғанда тәулігіне 1600 (50 пайызы импорт, қалғаны экспорт) жүк көлігі өтеді деп күтілуде. Алдағы уақытта «Достық Транс Терминал» ЖШС-нің 180 адамды жұмыспен қамтитын көлік логистикасын салу жобасының 3-4 кезеңінің құрылысы басталса, қомақты қаржы бөлінген  «ЕТТ Достық» (Евротранзит) ЖШС мен «Дар Раил» ЖШС-нің көлік логистикасын салу жобасының құрылысы қарқынды жүруде. Осыған қарап-ақ, Достық ауылындағы жағдай ойдағыдай деп топшылауға болады. Десе де осы бір шағын елді мекенде әлі де шешімін күткен әлеуметтік мәселелер жетерлік.

Тұрғындар үйін жекешелендіре алмай жүр

Бүгінде ауылда 1039 көпқабатты пәтер және 179 жер үй бар. Бұл үйлердің алды 1960 жылы салынса, соңғысы 2016 жылы бой көтерген. Бір қызығы, бұл үйлер Достық ауылының аумағында орналасқанымен меншік құқығы «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ-нің теңгерімінде тұр. 2017 жылы осы үйлерді жекеменшікке беру туралы жұмыс басталғанымен өз деңгейінде атқарылмай, тұрғындардың мазасын алумен қатар, ауылды өркендетуге де кедергі келтіріп жатыпты. Оны бірнеше бағытпен түсіндіруге болады.

Біріншіден, ауылдағы тұрғын үйлердің коммуналдық қызметін, имфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жобаларды жүргізуге тұсау болуда. Яғни аталған үйлер «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ-ның теңгерімінде тұрғандықтан ауылдық округ олардың жылу, жарық, су, электр желілерін қайта жаңғыртуға заңдық тұрғыда араласа алмайды. Ал 2021 жылдан бері аталған үйлерді жекешелендіру туралы қаулы шыққалы «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ Алматы бөлімшесінің Достық стансысы аталған үйлердің коммуналдық жұмысын жетілдіруге  назар аудармайтын болған.

Екіншіден, «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ теңгеріміндегі үйлерді жекешелендіруге қатысты қаулы шыққанымен толық орындалмай жатқанын байқадық. 2023 жылы «Корпоративтік тұрғын үйлерді иеліктен шығарудың «Жол картасы» бекітілген. Соған сәйкес, Достық стансысы бойынша биылғы ІІ тоқсанда 281 пәтерді,  ІІІ тоқсанда 484 пәтерді,  IV тоқсанда  500 пәтерді жекеменшікке беру жоспарланған. Өкінішке орай, биылғы жоспар емес, 2017 жылдан басталған жұмыс өз деңгейінде атқарылмай келеді. Айталық,  2021 жылғы 27 мамырда «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басқармасының №02/18 хаттамасында: «Достық стансысының балансында тұрған 19 пәтер меншік құқығына өткен. Сондай-ақ, 81 пәтер меншік құқығына берілді. Алайда 81 пәтер иелері тұрғын үйге құқықтық құжаттарын алғанымен «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ теңгерімінен шығарылмаған» деп көрсетілген. Осыған орай, аталған 81 пәтердің иесі «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ  басшылығының тұрғын үй комиссияның отырысында осы мәселені қайта қарауға өтініш түсіргенімен әлі хабар жоқ.

– «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ  Достық стансысының теңгеріміндегі үйлерді жекешелендіру жұмысы 2017 жылдан басталды. Содан бері еліміздегі, тіпті «Қазақстан теміржол» ҰК» АҚ Алматы бөлімшесінің құрамындағы  Жалаңашкөл, Көктұма, Матай, Ақтоғай, Отар стансысындағы үйлерді иелері жекешелендіріп алды. Ал Достық стансысының теңгеріміндегі үйлер жекешелендірілмей келеді. Оның себебін білмек болып, сұрау салып, қақпаған есігіміз қалмады. Бір күні үйден айырылып, далада қаламыз ба деген уайымымыз көбейіп келеді, – дейді Достық ауылының Абай көшесі, 9/1 үйдің тұрғыны, зейнеткер Сәуле Керімқұлова.

Бұл Сәуле Керімқұлованың емес, 81 үйдің тұрғындарының ортақ уайымы. Мұның нақты жауабын «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-нан сұрап көрмек болдық.

Үшіншіден, тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты пәтерлерді жалға алу мәселесі де ушығып тұр. Айталық, 2017 жылы 18 мамырда «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ директорлар кеңесі отырысының хаттамасына сәйкес,  корпоративтік үйлерді меншікке беру ережесі бойынша 144 мемлекеттік, әскери, әлеуметтік сала қызметкерлері мен 16 зейнеткерге айына 5 АЕК көлемінде төлемақы төлеу міндеттелген. Ал 2020 жылдың 27 шілдесіндегі хаттамада корпоративтік үйлерді меншікке берудің жаңа ережесі қабылданыпты. Аталған ереженің 4-бабы 15-тармақшасында теміржол саласы қызметкерлері ай сайын 1 бөлмелі пәтерге 1 АЕК, 2  бөлмелі пәтерге  2 АЕК, 3 және одан көп бөлмелі пәтерге  3 АЕК мөлшерінде, мемлекеттік және әлеуметтік сала қызметкерлері, зейнеткерлер мен басқа сала қызметкерлері ай сайын 1 бөлмелі пәтерге  2 АЕК, 2 бөлмелі пәтерге 3 АЕК, 3 және одан көп бөлмелі пәтерге  4 АЕК көлемінде жалдамалы пәтер ретінде ай сайын жалға алу құнын  төлеп тұру міндеттелген.

Осы аталған ереже негізінде бүгінгі таңда 85 зейнеткердің 3  жылға шаққандағы қарызы 21 млн. 114 мың теңге,  «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ Достық стансысы филиалының қызметкерлері тұрып жатқан 1001 пәтердің  3 жылға шаққандығы қарыз сомасы  248 млн. 648 мың 400 теңге, мемлекеттік қызметкерлер (әкімшілік, әскери азаматтар, полиция) тұратын 172 пәтердің 3 жылға шаққандығы қарыз сомасы  64 млн. 087 мың 200 теңге, басқа мекеме қызметкерлері тұрып жатқан 21 пәтердің 3 жылға қарызы 7 млн. 824 мың 600 теңге, жалпы  тұрғындардың «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ алдындағы қарызы  341 млн. 674 мың 200 теңгеге жеткен. Демек, Достық ауылындағы тұрғындардың бәрі қарызға белшесінен батып отыр деген сөз. Осыған орай, тұрғындар жоғарыда аталған ережеге өзгеріс енгізіп, жылына 1 айлық есептік көрсеткіш ретінде жалдау ақысын төлеп тұруды сұрағанымен құзырлы мекеме тарапынан нақты жауап болмаған.

Бүгінгі  таңда тұрмыстық жағдайына байланысты үйлері теміржол стансысының теңгерімінде тұратын барлық ауыл тұрғыны жоғарыда қабылданған ережемен келіспей, бірнеше рет наразылық білдірген. Алайда, «жоғарыдан қабылданған шешім өзгертілмейді» деп жауап қайтарылған. Сондай-ақ, теміржолда істейтіндер мен мемлекеттік, әлеуметтік, құқық қорғау саласы қызметкерлерін бөліп-жару халық арасындағы алауыздықты тудыратыны белгілі. Тұрғындардың бәрі: «Жалға алу құны барлық санаттағы қызметкерлерге бірдей болуы керек» деп есептейді. Алайда арызын арқалап, қаншама есікті тоздырғанымен әлі де толық жауап ала алмаған жұрт сандалып жүр.

Ауылдағы үйлерді аралап көргенімізде тұрғын үйлердің көпшілігі  1961 жылдан 2015 жылға дейін салынғанын көрдік.  Ал бір және екі басты  жеке сектордағы тұрғын үйлер осы уақытқа дейін ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген. Жылу, су, кәріз  желілері ауыспаған. Тұрғындар  ай сайын коммуналдық қызмет төлемін төлеумен қатар, өз қаражаттарына үйлердің кіреберісі мен  ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізеді екен.

Осыған қарап: «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ Достық стансысының теңгерімінде тұрған үйлерді Достық ауылының балансына өткізіп бергенде ғана мәселе түбегейлі шешіліп, ауыл тынысы ашыла түседі» деген ойға келдік. Бірақ құзырлы мекеме бұл туралы не айтады. Оның жауабын іздеп көреміз

Әлеуметтік көмек неге берілмейді?

Бүгінде Достық ауылында 200-ден астам Семей сынақ полигонының зардабын тартқандар тұрады. Олардың дені Достық стансысында жұмыс істейді. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсан №1787-ХІІ Заңында ядролық сынақтардан зардап шеккен аймақта тұрған адамдарға әлеуметтік көмек көрсету мен зейнеткерлікке шығуға қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Алайда бүкіл елдегі осындай санаттағы азаматтарға қызмет еткен заң Достық стансысындағы ядролық сынақтан зардап шеккендерге көмектесе алмай отырғаны бізді таңғалдырды. Соның бірі – «Қазақстан теміржол» ҰҚ» АҚ Достық стансысының жүк қабылдап, тасымалдаушысы болып қызмет атқаратын Марзия Касенова:

– Достық стансысында 1992 жылдан бері жұмыс істеп келемін. 1993 жылы Семей сынақ полигонының зардап шегуші қатарында еңбек демалысыма 10 күн қосып берген болатын. Ал 1994 жылдан бастап әлеуметтік жеңілдік алып тасталды. Содан бері құқымызды қорғап талай құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына дейін жүгіндік. Әлі шешілмей келеді, – дейді ол.

Бір ғана адамның емес, осы ауылда тұратын 200-ден астам тұрғынның тағдырына қатысты ауқымды іс неліктен ескерілмей келгенін жауапты мекемелерден сұрап, жауабын тұрғындарға жеткізетін боламыз.

12 жыл бойы бітпеген аспалы көпір

Ауыл әкімімен әңгіме барысында, Достық ауылының демографиялық жағдайы жақсарып, жыл сайын бала туу көрсеткішісі 150-170 бала мөлшерінде артып келе жатқанын білдік. Осыған орай, мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен мектепке деген сұраныс арта түскен. Достық ауылында 2 мектеп бар. 600 орынды Достық орта мектебінде 1200 бала оқиды. Ал 300 орынға арналған Достық №11 мектебінде 700 бала білім алады. 240 орынға арналған балабақшада орын жетіспеушілігі байқалады. Демек, Достық ауылында білім мекемесіне деген қажеттілік көп. Осы мәселе бойынша аудан әкімдігіне сұраныс беріліп, биыл «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жаңа мектеп салу ісі қолдау тауып, аудан әкімдігі тарапынан 2,5 гектар жер телімі бөлініпті. «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қорының қаржыландыруымен мектеп құрылысы келесі жылы басталады. Бұл жоба жүзеге асса ауылдағы білім мекемесінің мәселесі түбегейлі шешіледі деуге болады. Бірақ ауыл тұрғындары оқу жасындағы балалардың қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Яғни, Достық ауылы – теміржолдың екі жағына бөліне орналасқан ауыл. Күн сайын теміржолдың оңтүстік бөлігіндегі Ш. Қалдаяқов көшесінің бойына орналасқан 7 және 10 үй шағын ауданының балалары қарсы бөлігінде орналасқан екі мектепке оқиды. Олар үйінен мектепке жетер жолда күндіз-түні пойыз ағылып жататын теміржолды кесіп өтуге тұра келеді. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар күнде таңертең такси жалдап, болмаса жұмысын қайырып қойып, өздері баласын теміржолдан жетелеп өткізіп, әбден шаршап бітіпті.

Осы келеңсіздікті жою үшін ауыл тұрғындары Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Жайлаубай Нұрмұхамедовтың бастамасымен теміржолды кесіп өтетін аспалы көпір салу мәселесін көтеріп келе жатқанына 12 жыл толыпты. Бірақ содан бері арыз-арманын арқалап, жоғары-төмен өтінішін жеткізіп, мәселенің шешімін іздеген жұрт әбден шаршаған. Бұл мәселе шешімін таппай, жұрттың алаңы да басылмайтын сияқты.

Мүмкін, аудан әкімдігі немесе «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ Достық стансысының басшылары бұл мәселені тағы бір назарға алып көретін шығар? Аспалы көпірді салу мүмкін болмаса теміржолдың арғы бетіндегі тұрғындар мен балаларды тасымалдау үшін көше автубосын жүргізген жөн сияқты.

Құбырдан лай су ағып тұрады

 Достық ауылының маңынан Кендірсақал, Шыңдалы, Тоқта өзендері ағып өтеді. Алайда Ш. Қалдаяқов көшесіндегі 7 және 10 үй шағын ауданы тұрғындарымен кездескенімізде олар: «Құбырымыздан жиі лай су ағып тұрады» деп шағымданды. Мұның жағдайын ауыл әкімінен сұрап көрген едік:

– Көктемгі жер тоңы жібігенде немесе жаңбыр көбірек жауғанда су құбырларындағы ақаудың салдарынан Достық стансысының теңгерімінде тұрған 7 және 10 үй шағын ауданындағы тұрғындардың үйлеріне лай судың баратыны анық. Осы мәселені шешу үшін 2019 жылы Алакөл ауданының әкімдігі «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ Достық стансысымен бір мәмілеге келіп, теміржол стансысы 5 жерден ауызсу соратын ұңғыма қазу үшін 2 гектар жер телімін бөліп берді. 2021 жылы 80 метр тереңдікте бір ұңғыма қазылып, зерделеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде таза ауызсу алуға болатыны анықталды. Өкінішке орай, олар кезінде берген уәдесін орындамай отыр, – дейді ауыл әкімі Ермек Сейфул-Мәлікұлы.

Тұрғындардың өтініші неге ескерілмей, аудан әкімі мен теміржол стансысы арасындағы келісім қалайша жүзеге аспай жатқанын құзырлы мекемелерге газет тарапынан сауал жолдап, жауабын жеткізуге уәде бердік.

Түйін:

«Достық ауылын көгертіп-көркейтсем, ауыл тұрғындарына аз да болса азаматтық көмегім тисе» деп түрлі келеңсіздікті көтеріп, шыр-пыр болып жүретін Жайлаубай Нұрмұхамедов деген азаматты көптен білетінбіз. Бүгінде ол Достық ауылынан Алакөл аудандық мәслихатының депутаттығына сайланып, жұрты үшін елеулі еңбек етіп келеді. Өкінішке қарай, жұмыс бабының тығыздығына байланысты кездесе алмасақ та оның Достық ауылына қатысты депутаттық сауалдары әлеуметтік желілерге жиі жарияланып тұрады. Оның ішінде Достық стансысы «Теміржолсу – Алматы» участігінің басшысы А. Саржановқа тұрғындардың үй мәселесі жайлы депутаттық сауал жолдаса,   Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновке Достық тұрғындары мен оқушы балаларының Достық паркінен өтетін аспалы көпір салу және Достық – Үшарал – Талдықорған – Алматы жол қатынас бағытында автобустар жүргізуін сұрап хат жолдапты. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбаевқа Семей полигоны ядролық сынақтарынан зардап шеккен Достық ауылы тұрғындарының мәселесін шешіп беру туралы өтініпті. Жетісу облыстық білім басқармасына Достық ауылындағы аудандық білім бөлімінің есебінде тұрған көрген көзге үрей туғызатын ескі үйлерді сүріп тастауға шешім қабылдауын өтініп те хат жазған. «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевқа Достық ауылы тұрғындарының тұрып жатқан үйлерін жекешелендіруге қатысты жанайқайын жеткізіп, әділдік талап еткен дептаттық сауалын да көргенбіз. Алайда депутаттың сауалдары тиісті құзырлы мекеме немесе лауазымды тұлға жағынан қаншалықты қолдау тапқанын халық қалаулысының өзі айта жатар.

Достық ауылына барғанда тағы бір түйгеніміз, бүгінде ауылға келетін шетелдік және отандық туристердің, кәсіпкерлердің көбейе түскенін байқадық. Өкінішке қарай, Достық ауылында шегара бекеті ашылғаннан бергі 30 жылдағы тарихты түгендейтін бірде-бір мұражай жоқ. Мүмкін, аудан тарапынан қолдау тауып, Ермек Еңсебаев бастаған ауыл әкімі, Жайлаубай Тұрсынұлы бастаған халық қалаулылары қолға алса, бұл істі де жүзеге асыруға болады деп ойлаймыз.

Қажет АНДАС
Достық ауылы,

Алакөл ауданы.