МАҚСАТ-МІНДЕТТЕР НАҚТЫЛАНДЫ

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 551
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты маңызды құжатында осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды. Жолдау көптің көңілінде жүрген ойларға қозғау салды.

Еліміздің даму жайын екшеп айтқан Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың әлеуметтік ахуалының артуы жайын жан-жақты саралап, нақты жоспарлар ұсынды. Сонымен бір мезгілде Президент әрдайым айтылып жүрген «Әділетті Қазақстан» деген тіркестің шынайылығын паш етті. Текті қазақтың бойында әділеттілік, шынайылық, тазалық қатаң сақталғаны анық. Біз бүгінде сол тектілігімізден жырақтап кетпей, ел болашағы үшін әділетті болуға міндеттіміз. 
Жолдауда ел дамуының кең аясы қамтылып көрсетілген. Ол мемлекеттік шығындарды азайтумен қатар істерді халыққа және үкіметтік емес секторға беруді кеңейтуге ниетті, бұл іс жүзінде Үкіметтің меншігін азайтады. Халық пен элита үкіметпен істерді басқаруда және саясатты құруда ынтымақтасады. Бұл дегеніміз – Қазақстандағы демократия мен құқықтық бостандықтардың үлгісі.
Жолдау негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуді алға қойғанымен  басты мәселе ретінде экономикамыздың нық басуына бағытталған, атқарушы биліктегі күрделі мәселелерді шеше отырып, инфрақұрылымдық өзгерістерді нық және батыл шешкен іс-шаралармен ерекшеленді деп айта аламыз.
Президент «Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді» деп барлық экономикалық құрылымды шұғыл түрде түпкілікті қайта қарап, өзгерту жолымен ғана өркендейтінімізді нақтылай түсті. Сондықтан да біз жалғыз ғана Отанымыз Қазақстан Республикасының дамуына, гүлденуіне, көркеюіне біркісідей атсалысуымыз керек. 

Айдын БАЯХАН,  
«Amanat» партиясы Ескелді аудандық филиалының төрағасы