ҚҰРЫЛТАЙ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ: ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТ АЙНАСЫ

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 446
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

«Ұлттық киімнің өзі – Ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де жарасымды болатыны сөзсіз. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек»!

Айтылмай жүрген әңгіме, көтерілмей жүрген тақырып емес. Мерзімдік басылымдар мен телеарналарда һәм әлеуметтік желілерде ара-кідік қозғалып тұрады. Сан түрлі пікірлерді саралай келсек, дәл қазіргі таңда ұлттық киімді ұлықтауға ұмтылыс бар. Бәлкім бұл сананың оянуының бір белгісі шығар. Бабадан балаға мұра болған ұлтының ұлы құндылығына құрметпен қарау әрине, көңіл қуантады.

Тақырыптың тұздығына алып отырған бір ауыз сөзді ел Президенті Ұлттық құрылтайда бекер айтпаса керек. Дін жолымен жүрген осы екен деп бастан аяқ қара жамылып, қарапайым жұртты үркітіп, исламға қырын қаратып жүрген жат ағымдағы жандар шариғат шеңберінен шықпайтын қазақы нақыштағы киіммен жүрсе, көрген жанның көзі сүйсініп, көңілі жібімейтін бе еді? Осы орайда Ұлыстың ұлы мейрамы әз-Наурыз мерекесіне орай бір күнді «Ұлттық киім күні» деп дәріптеу де құптарлық бастама.

Әлқисса, ата басылым «Jetisy» газетінің ұжымында ұлттық киім кию осыдан бес-алты жыл бұрын басталып, Наурыз айының  басынан сәуірге дейін жалғасып, жарасым тауып, дәстүрге айналып кеткен. Күле қарағандар да, сынай қарағандар да, ұнай қарағандар да болды. «Ішкі мазмұныңды түземей, сыртқы киімнен қазақы болмысыңды сақтай алмайсың» дегендер де кездесті. Яғни, біздің бастама көзбояушылық сияқты көрінсе керек. Ақылы келте адамның демей-ақ қояйын, мұндай пікірлер шолақ ойлап, асығыс саралаудан туған ойдың нәтижесі. Себебі, ұлттық киімге деген құрметіңіз ішкі мазмұныңыздың қандай екенін білдіреді. Жан дүниемізді қазақты сүю сезімі ерекше билесе, онда кез келген ұлттық құндылыққа бей-жай қарамайтын едік. Қасиетті Құран түскен Рамазан айы ғой, осы орайда Алланың кітабынан мысал келтіре кетейін: «Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып,  табысуларың үшін сан-алуан ұлттар мен руларға бөлдік», – деген Хужурат сүресінің 13-ші аятында. Құдай тағала бізді «қазақ» қылып жаратқан екен, ендеше басқа ұлттан тіліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлттық тағамдарымыз бен киімдеріміз арқылы ерекшеленіп тұрмаймыз ба? Олай болса, жиектерін өрнекпен төгілдіріп, оқи білген адамға оюуының өзі ой салатын сан түрлі әшекеймен әдіптелген киімімізді дәріптеу ұлтқа қызмет етудің бір саласы болмай ма?!

Сананы тұрмыс билеген қоғамда өмір сүріп жатқан соң көп дүниеге материалдық тұрғыдан қарайтынымыз да рас. Дегенмен, ұлттық қалыбымызды сақтап, барымызды мақтана көрсетуге келгенде енжарлық танытпағанымыз жөн-ау. «Өз ағам» дейтін өзбек ағайынға қараңыз, ала шапанын үстінен тастамайды. Сол жердің қожасы екенін бірден байқайсыз. Анау тәжік жұртын білесіз, мектеп оқуышалырының өзі ұлттық киіммен сабақта отырғанын көргенде сүйсінбеске амалыңыз да қалмайды. Бір туған дейтін қырғыз байекеңдердің өзі парламентте айыр қалпағымен айбарланып отырады. Ал бізде ше? Мәжіліс депутаты ұлттық киім туралы ой айтып еді, мін іздеп шыға келдік. «Басқа мәселе жоқ па?», «Саған киім туралы айтсын деп дауыс бердік пе?», «Жемқорды жоймайсың ба, парақорды тыймайсың ба?», деп сынап ала жөнелдік.

Тарихқа зер салсақ, бабаларымыз алқалы жиын, елдік мәселеде басына көркін ашатын бөркін киіп, иығына құндыз жағалы, алтын зерлі шапанын жамылып, барын көрсетіп, бағасын асырып, соған сай сөзін де салмақтамайтын ба еді? Бәлкім қазіргі таңда сол биік мінберде отырған қазақтар ұлттық киіммен жүрсе сырт көзге сес болмас па еді? Ұлттық киімді ұялмай кию үшін қазақша сөйлеуіне септігі тиер ме еді? Рас, әлемге есік ашылып, жаһанданумен жанталасып күн кешіп жатқан осынау дүбірі бөлек дәуірде өзге елмен ғылым-біліммен бәсекелесіп озу басты мәселе. Бұл жағынан анау айтқандай көштен қалып жатқамыз да жоқ. Озат оқушыларымыз Отанымыздың айбынын асқақтатып, көк Туымызды көкке көтеріп, айдарымыздан жел естіріп жүргені шындық. Сондай жаһандық додаларда жеткіншектеріміз биік тұғырға ұлттық киіммен көтеріліп жатса көз сүйсініп, көңіл тоғайып-ақ қалар еді-ау. Осының өзі әлем алдында қазақты даралап көрсетудің бір жолы болмай ма?! Ұлттық киім – ұлт айнасы екенін көрсетпей ме?!          

Бір қарағанда ана тілінде сөйлеуді ар санайтын қазағым азаймай тұрғанда сыртқы пішінімізді өзгертіп, ұлтшыл көріну жауырды жаба тоқығанмен бірдей көрінетіні де бар. Ұлттық киім жайлы сөз қозғар тұста осы ойдың сана түкпірінен жылт ете қалғанын несіне жасырайын? Сосын босқа күмәнданбайын деген ниетпен біраз адамның пікірін білдім. Наурыз мейрамында ғана кәдеге жаратып, басқа күндері сандықта жататын немесе бірден бірге сыйланып, айналымға түсіп кететін шапандар емес, заман талабына сай мемлекеттік мекемелерде ерлер мен әйелдер жыл он екі ай киіп жүретін ұлттық киім үлгілерін қолжетімді бағада ұсынса киетін едік дегендер басым болды. Енді бірі мектеп формасын заман талабына сай ұлттық киімге үйлестірсе деген пікірін білдірді. Онда да түскиіз бен текеметке салынатын оюларды киімге баттыйтып салып қоюына қарсы екенін жеткізді. Ұлттық киімге қарсы емес ағайынның айтар ойы осылай өрбіді.

Берекесі қонағымен кіретін елміз ғой. Соған сай тойымыз да көп. Биылдың өзінде біраз соғым басы мен наурыз көже дастарқанына, басқа да бірнеше басқосуда болдым. Шақырған қуаныш иелері ол күні бізде «дресс код» тек қазақша киім киіп келесіздер деген шарт қойды. Қонақ қойдан жуас, айтқанын құп көріп, қалауын орындадық. Мұндайда аналарымыз бен қыз-келіншектер жағы құлпырып шыға келеді екен. Әлгі жиындарда әжем киген кимешек, анам таққан шәлі орамал, жеңгемнің ақ жаулығы бәрі көзіме оттай басылды. Күміс қапсырмалы камзлодарының өзі көздің жауын алады. Кәдімгідей ықыласпен дайындалып келген. Ұлттық киімімізде үлгі алмасақ, ұялатын дәнеңе жоқ екеніне көзіміз жетіп, көңіл сүйсінді. Тақия кисе молда деп қарайтындар немесе шау тартқан шалға балайтындар жоқ емес. Сол қонақжай ағайынның басқосуында жас жігіттердің де өрнекті тақиясы мен қысқа етекті шапандары жарасып-ақ тұрды. Шынымен де «нағыз қазақ осы міне, танып қой»! Осындай көріністергее көңіл толып, былайғы өмірде де неге осылай жарқырап жүрмеске деген ой да келген. Арада көп уақыт өтпей ұлық мерекенің бір күнін еншілеп, Ұлттық киміміз салтанат құратынын естіп, еңсеміз көтеріліп қалды.

Жалпы бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз қазақша киінсек қана ұлттық болмысымыз бен рухымыз асқақтап тұрады деген біржақты ой емес. Қос бүйірімізден қымбатшылық қысып тұрған уақытта екінің бірінің қолы жете бермейтіні де шындық. Дегенмен сырт көз сұғын көп қадайтын айтулы орындарда, әлемдік додалар мен алыс-жақын шетелдерге баратын ресми сапарларда, мемлекеттік құрылымдарда заманауи үлгіде ұлттық киім киіп жүру мәртебемізді көтермесе, көлеңкесін түсіре қоймас! Әйтпесе, аламанға түсетін бәйге атының үстіне жапқан жабудай, әз-Наурыз мерекесінде ғана киіп, қалған уақытта қалтарыста қалдыру ұлттығымызға сын болмай ма?! Ендеше мүмкіндігімізше қазақы нақыштағы киімді киіп жүруді дәстүрге айналдырайық, ағайын!

Жұматай ӘМІРЕ
Фото: instagram.com