Тіл тазалығы керек

Уақыты: 27.03.2024
Оқылды: 335
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өткеннен сабақ алу, нәтиже шығару жақсы тәрбие көрген қоғамның ғана қолынан келеді. Себебі, бұрынғының қателігі мен жетістігін ажырата алмайтын орта дұрыс пен бұрысты білмей қателікке ұрынуы бек мүмкін. Әйгілі АҚШ қарулы күштерінің ардагері, адмирал Хайман Риковер: «Басқалардың қателігінен сабақ алу керек. Олардың барлығын өз бетімен жасау үшін ұзақ өмір сүру мүмкін емес» – дейді. Рас сөз.

Осыған орай бізде мемлекеттің басты белгісі – тілдің дұрыс қалыптасуына керекті факторларды салыстырып, қажетті бағыттарды айқындадық. Соның бірі – іс-қағаздарының қазақша жазылуы. Бұл бағыттағы жұмыстың басталып кеткеніне біраз болды. Соған қарамастан кейде мемлекеттік тілдің бүгежектеп қалатынын байқап жүрміз. Әсіресе, азаматтардың көпшілігі сот жүйесіне жазатын арыз-шағымын ресми тілде жеткізуге пейілді екенін көргенде қайран қаламыз. Бұған кеңестік идеологияны кінәлай беруге болар. Бірақ адам өзінің туған тілін білуі, құрметтеуі керек емес пе?! Яғни, кез келген жан өз елінің мемлекеттік тіліне жанашырлық танытып, ұлы мен қызын ана тілінде тәрбиелеуге талпынса алынбайтын асу болмайды.

Жалпы, мемлекеттік тіл мәселесі бізге дейін де талқыланып, көптің қабылдауына ұсынылып отырған. Мысалы, әйгілі ақын, сазгер, Алаш арысы Сәкен Сейфуллин өткен ғасырдың бас кезінде: «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды...» – депті. Тура ақ пен қызылдың қақтығысынан кейін орнаған кеңестік биліктің оспадарсыз әрекетін көріп, қазақты бір уыс бидай үшін итжеккенге айдатқанына куә болған қайраткер бұл сөзді ашынғаннан айтқанын және әлі күнге өміршеңдігін байқау қиын емес.

Бүгінгі күн биігінен көз салсақ өзін зиялы деп есептейтін, алайда ана тіліне немқұрайды қарайтындарды әрі ана тілін бұзып сөйлейтіндерді көптеп кездестіреміз. Осындай келеңсіз жайттар, туған тілді шұбарлайтын әрекеттер соңғы кездері жиі кездесіп жатыр. Оны түзету өзіміздің қолымызда. Сондықтан ана тіліміздің тазалығын сақтауға үлес қосайық, ағайын!

Думан ДОШКЕЕВ,
Талдықорған қалалық мамандандырылған тергеу сотының судьясы
Фото: facebook.com