Семіздіктен сақтан

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 326
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Артық салмағы бар адамдардың ең жоғары үлесі Хорватия мен Мальтада байқалады. Бірақ соңғы жылдары біздің ел де семіздікпен күрес жұмысын бастап кетті. 

Гипертония, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы және қатерлі ісіктің кейбір түрлері артық салмағы бар адамдарда кездесетін аурулар. Дәрігерлердің айтуынша, бұл кесел түрлері жасарып келеді. Себебі, семіздікке шалдыққандардың басым бөлігі жастар. 

Еуропаның әрбір алтыншы тұрғынына семіздік диагнозы қойылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Еуропалық аймақта жылына 1,2 миллионнан астам адам семіздіктің салдарынан көз жұмады. Бұл – үлкен қауіп, алайда осы қауіпті адам баласы өз қолымен істеп жатқаны жасырын емес. Әрбір адам өз денсаулығын өзі күтуге міндетті. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану үшін ақша шашып, жылдап оқудың қажеті жоқ. Тек денсаулығыңызға жаныңыз ашып, өз-өзіңізге көңіл бөліп, тұтынатын ауқатыңыздың құнарлығына ден қойсаңыз болғаны.  

Бейресми деректер бойынша, Исландия, Чехия және Венгрия елдерінде артық салмағы бар адамдардың үлесі 60 немесе одан да көп пайызды құрайды. Егер бізде дұрыс тамақтану мәзірін енгізбесек, араға жылдар салып осы тізімді толықтырып тұрмасымызға кім кепіл?! Қазір біздің замандастың басым бөлігі фастфудтық өнімдерді тұтынуға құмар. Қымыз-қымыран ішіп, бауырсақ, құрт жейтін жас азайды. Жеңсік астың пайдасынан зияны көп екенін білсек те кейінгі салдарына бас қатырып жатқанымыз шамалы.

Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстандағы қазіргі өмір сүрудің орташа жасы – 72. Дені сау ұрпақ тәрбиелеп, халықтың орташа жасын ұлғайту үшін алдымен асты түзеген дұрыс. Олай болса, жеген асыңызға, ішкен сусыныңызға мұқият болыңыз. 

Гүлнұр МҰРАТБЕК,
ЖУ білімгері

Фото: el.kz