«Qazaq сulture» бірегей жобасы таныстырылды

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 265
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы еліміздің мәдени мұрасын танытып, ұлттық брендті кеңінен насихаттау жөнінде тапсырма берген. Осы орайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің қолдауымен «Qazaq culture» сайты әзірленді. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Эльвира Жүргенбаева ҚР ОКҚ алаңында мәлім етті.

Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпараттық-танымдық платформасын құрудағы басты мақсаты елдің мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық брендті таныту болып табылады. Бұл сайт Қазақстан мәдениеті мен тарихы туралы тың мәлімет тарататын ақпарат көзіне айналмақ.

«Еліміздегі мәдени мұраның сан түрлілігін көрсететін ауқымды жоба БҰҰ-ның 6 тілі және қазақ, түрік тілдерінде ақпарат таратады. Ақпараттық порталда Қазақстанның бірегей мұрағат қорының дерегі ерекше орын алып отыр. Бұл ресурс Қазақстанның құжаттары мен мұрағат материалдарының бай тарихи жинағына қол жеткізуді қамтамасыз ететін бөлім – еліміздегі зерттеушілерге және елдің өткенінен хабардар болғысы келетін барлық азаматтарға таптырмас ресурс болып табылады», – деді спикер.

Сайттың негізгі бөлімі –   елдегі, әлемдегі барлық мәдени жаңалықтардан хабардар ететін жаңалықтар блогы. Бұл бөлімде қызықты фестивальдар, жәрмеңкелер, конкурстар, сондай-ақ театр қойылымдары мен отандық кинокартиналардың премьералары, танымал және жас жазушылар кітаптарының тұсаукесерлері, көркем көрмелер, мерейтойлық мерекелер, түрлі көлемдегі өңірлік жобалар жарияланады.