20 мыңға жуық білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде қатысады

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 314
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі өңірлік білім басқармаларымен бірлесіп, балалардың құқықтарын қорғау және оқу процесін сапалы ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Елдегі жағдай туралы ОКҚ брифингінде ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы айтып берді.

Мәселен, бүгінде 3 мыңға жуық бала уақытша орналастыру пунктерінде. Оларға психологиялық қызметтердің жұмысы ұйымдастырылған. Қашықтан оқу үшін балалар қажетті оқу құралдары және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.

Ең көп зардап шеккен аймақтардан келген оқушыларға балалар сауықтыру орталықтарына жолдамалар бөлінді. Ақмола облысының «Жасдәурен» лагеріне 80-нен астам бала барады.
Бұдан бөлек, оқушылар Республикалық маңызы бар инновациялық мектеп-лицейлердің жатақханаларында орналастырылады. 

«Маңғыстау облысының қосымша 28 білім беру ұйымы Атырау облысының Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайды. Су тасқыны жағдайы байқалатын өңірлерде барлығы 127 білім беру нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пунктері болып белгіленді. 20 мыңға жуық білім беру қызметкері су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде қатысады, олардың 10 мыңнан астамы эвакуация пункттерінде. Салалық келісімге сәйкес ТЖ қолданылу кезеңінде білім беру қызметкерлерінің жалақысын есептеу ТЖ енгізілгенге дейін белгіленген мөлшерде жүргізіледі», - деді спикер.


Сонымен қатар мұғалімдерді қолдау мәселесі пысықталуда. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтарды аттестаттаудан өту күндері неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылатын болады.

Фото: ortcom.kz