СУИЦИДКЕ ҚАРСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Уақыты: 16.04.2019
Оқылды: 1375
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Өмірдің толқынында бол» атты форум өтті.

Форум қазіргі таңда жастар арасында белең алып жатқан суицид мәселелері мен жастардың психологиялық проблемаларына арналды. Жиынның мақсаты­ ­­– психолог мамандар көмегімен жастар жиі тап болатын түрлі қиындықтардың алдын алу мен тығырықтан шығудың жолын іздестіру мәселелеріне түсіндірме жұмысын жүргізу. Аталмыш шараға қалалық, аудандық мектептердің, арнайы кәсіптік-техникалық оқу орындарының психолог мамандары, жастар мен еріктілер қатысты.

Облыстық форум «Суицид және оның алдын алу жолдары», «Жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мәселесі», «Өзіне қол жұмсау, тығырықтан шығатын жол емес», «Жастармен жұмыс істеуде практикалық жаттығуларды қолдану» тақырыптарын қамтыған төрт секцияға бөлініп өткізілді. Форумның ашылу жиынында облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев сөз алып, көтеріліп жатқан мәселенің өзектілігіне тоқталды. Жастарға психологиялық қолдаудың қаншалықты маңызды екенін айтып, суицидке қатысты күрделі мәселелерді тілге тиек етті.

Осылайша суицидтің алдын алу үшін жүргізелетін іс-шараларды күшейту мен оқыс жағдайларды болдырмауға әрекет жасауды тапсырды. Одан бөлек, жиында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ассистенті, психология магистрі, халықаралық деңгейдегі психолог-практик  Мариям Нығметжанова, облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов және облыстық психикалық-денсаулық орталығының балалар психиатры, суицидолог Дидар Аушинов сөз сөйледі.

Ресми жиыннан кейін қатысушылар мен қонақтар төрт секцияға бөлініп, тәжірибелі психолог, психиатр, теолог мамандармен аталған тақырыптар бойынша жұмыс жүргізді.

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН

Сурет ғаламтордан алынды