АЙДЫНДЫ АЛАКӨЛ

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 1732
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шалқыған көлі, асқар тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласып, туризм саласын өркендетуге таптырмас мекен саналатын Алакөлдің бұл бағыттағы әлеуетін ілгерілету мақсатында көптеген жұмыстар істелуде.

Ең алдымен темір және әуе жолы арқылы, аспан кеңістігі мен пойыз арқылы ауданға қатынау бір жүйеге келтірілді. Ендігі кезекте Талдықорғаннан бері тартылып жатқан тас жолдың да жөндеу жұмыстары басталып, 2-3 жылда бұл аралықта жүйткіген көліктерге көз ілеспесі анық. Көл жағалай қонған демалыс орындары да қызмет көрсету сапасын басты назарға алып, меймандарға барынша қолайлы жағдай тудыру үшін барын салуда. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында туристік полиция да өз жұмысына кірісті. Көл бойының тазалығын қадағалау ісі де ілгерілеп, қоқыс жәшіктері қойылды. Инфрақұрылым да назардан тыс қалмай, жарық, су, кәріз, жол салу сынды өзекті мәселелер біртіндеп шешімін таппақ. Соның арқасында былтырғы 1 млн.-нан асқан көрсеткішті еңсеріп, жаңа рекорд қою жоспарда бар. 
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы негізінде Алакөлге әуе кеңістігі арқылы сапарлай келген меймандарды қажетті мәліметтермен қамту, демалушылардың санын арттырып, өңіріміздің оң имиджін қалыптастыру мақсатында Үшарал әуежайының ғимаратында облыстық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығының ақпараттық өкілеттігі ашылды. Жаңа орталықтың мақсаты туристерге тек Алакөл жағалауындағы демалыс орындары жайлы ақпарат тарату емес, сонымен қатар, Жетісудың түкпір-түкпірінде орналасқан көрнекті жерлері хақында насихат жүргізіп, осы саладағы облыстың мүмкіндігімен таныстыру болып табылады. Әуежай ғимаратынан арнайы орын бөлініп, көрме де қойылған. Онда облыстың туризм саласына байланысты нұсқаулықтар, ақпараттық кітапшалар орналасқан. Одан бөлек, ауданда өндірілетін Лепсі балы мен өңіріміздің өнерлі тумасы, қолөнерші Ертай Өміртаевтің қолынан тамып түскен туындылары, ақ қағазға жан бітірген суреттер, ұлттық аспаптар, туристерге  арналған басқа да жәдігер сыйлықтар да сатылымда.
– Бұл мен үшін де, аудан үшін де өте бір айтарлық дүние. Әуежай арқылы қатынаған әр мейманға мен өз туындыларымды көрсетіп, реті келсе бұл істен нәсіп табуыма да қолайлы болып отыр. Ұлттық өнерімізді, соның ішінде  ағаштан түрлі бұйымдар жасау, сан алуан төл аспаптарымызды қолданысқа енгізу ісін дөңгелентіп келе жатқан кішігірім бастамамның қарқынын арттыруға бұл үлкен септік деп білемін. Біздің табысымыз талпынысымызбен өлшенбек. Туризм арқылы өнерімізді насихаттап, таныла түсуіміз де бүгінгі бәсекелестік өршіген заманда ауадай қажетті дүние, – дейді бойынан жеті өнері тепшіп тұрған жігіт. Тоқтала кетерлігі, мұнда орталық әзірлеген жолкөрсеткіштер, туристік карталар, буклеттер мен ақпараттық материалдар тегін таратылып, арнайы бекітілген мамандар меймандардың осы салаға байланысты барлық сұрақтарына жауап береді.
 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы