ЖАҢА ПОРТАЛ АШЫЛДЫ: "NEGE.KZ" НЕ АЙТАДЫ?

Уақыты: 20.11.2019
Оқылды: 3049
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ ақпарат кеңістігі тағы бір веб-сайтпен толықты. Белгілі журналист Ерік РАХЫМНЫҢ бас редакторлығымен "NEGE.KZ" порталы іске қосылды.

Порталдың бас тақырыбында Ерік Рахым неге деген сауалдың төңірегінде қаншама қордаланған мәселе жатқанын айта келіп: "Қазақ рухани тұрғыдан өсті ме? Тойға әнші шақырып, ақша шашатын әдетінен арыла алды ма? Әншіден кеңесші, әртістен депутат жасағаннан кім не ұтты? Көпті жиып алып, ақшаға ақыл сатып жүргендер шынымен ақылман ба? Халық неге өзі жалаңбұт жүріп, түрлі тренингтерге әуес? Неге?! Неге? Неге? Неге? Неге – мәңгілік сұрақ. Бірақ сол әр «негенің» артында жауабы болуы тиіс. Және ол бүгін айтылуы керек. Уақытында айтылмаған шындықтың қадірі жоқ. Сананы сансыратқан көп «негенің» жауабын тапқыңыз келсе, «NEGE.KZ» порталынан көз жазбаңыз, оқырман!" - деп толғай отырып, көпшілікке ой тастайды.

Порталдың ашылуына қатысты "Жетісу" телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікен де бірауыз лебізін білдіріп, "Фейсбук" парақшасы арқылы құтты болсын айтты. "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады, жеті арқан үзген Шалқұйрық, сегізіншіде тұрып қалады деп күйінуші едік, осы сайт сол сегіз кермені де үзсінші деп тілек айттық," - деп жазды Серік Әбікенұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"