ҚАЗАҚСТАН АГРОӨНЕРКӘСІП БОЙЫНША ҮЗДІК БЕС ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА КІРЕДІ

Уақыты: 19.03.2021
Оқылды: 803
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері қаралды. Жиынға Жетісу өңірінен облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ең алдымен, ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров баяндама жасады. Оның айтуынша, АШМ өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды өзектендіру бойынша жұмыс жүргізу үстінде. Бүгінде жобаларды іске асыру бойынша жол картасы әзірленді.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында 2021-2025 жылдары жалпы сомасы 4,3 триллион теңге болатын 617 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Инвестициялық жобалар пулы республиканың агроөнеркәсіптік кешен өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына қарай импортты алмастыру мәселесі шешіліп, экспорттық әлеует кеңейеді.

Инвестиция жобаларының саны мен сомасы бойынша жетекші өңірлер қатарында Түркістан облысы (93 жоба), Алматы облысы (82 жоба), Жамбыл облысы (53 жоба) бар. Бұл облыстарда бақтарды дамыту, көкөністерді, жемістерді өндірістік қайта өңдеу бойынша капиталды қажетсінетін жобалар іске асырылады деп жоспарлануда.

Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында дәнді, майлы және жемшөп дақылдарын, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, сондай-ақ, құс фабрикаларын, сүт-тауар фермаларын, бордақылау алаңдарын дамыту жөніндегі жобалар жүзеге асырылмақ.

Ағымдағы жылы 326 млрд.теңге сомасына бірнеше бағыт бойынша 217 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2020-2022 жылдары 501 млрд.теңге сомасына 179 жоба іске қосылады. Олардың басым бөлігі импортты алмастыруға бағытталған. Кейінгі жылдары АӨК-тің экспорттық әлеуетін арттыратын инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.

Үкімет отырысын қорытындылаған Асқар Ұзақбайұлы:

– Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бірінші орынға шығады. Қазақстан АӨК-ті дамыту бойынша ең үлкен әлеуеті бар бес елдің қатарына кіреді. Сондықтан оны жүзеге асыру бағытында жұмыстар атқару керек. Мысал ретінде Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарында атқарылған жұмыстарды алып қарасақ болады. Аталған аймақтарда ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жоспарланған. Алматы облысының АӨК жобаларына инвестиция көлемі 552 млрд.теңгені, Жамбыл облысында 517 млрд.теңгені, Түркістан облысында 810 млрд. теңгені құрайды. Қалған өңірлер осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет, – деді.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Сурет - ғаламтордан