ҮКІМЕТКЕ ЖЕТІСУ ӨЛКЕСІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ БАЯНДАЛДЫ

Уақыты: 21.03.2021
Оқылды: 1235
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкімет басшысы Асқар МАМИН кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізді. Оған Үкімет мүшелері мен аймақтардың әкімдері, басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев инвестиция мен инвестор тарту жұмыстарының елде қалай жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Министрдің айтуынша, бүгінде аймақтарда бұл бағыттағы істер өз ретімен жүріп жатыр.

Асқар Ұзақбайұлы осыған байланысты ойын айтып, аталған істерді өрістетуге әлі де күш салып, тиісінше жандандыру қажеттігін атап өтті. Елге инвестор шақырып, сол арқылы инвестиция тартудың халықтың жағдайын жақсартуға барынша мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол аталған жұмыстарды іске асыруда лауазымды тұлғалар бюрократизмге жол бермей, инвесторларға мейлінше жағдай туғызып, қолдау көрсетудің маңызды екенін, осы бойынша тездетіп іс-әрекетке көшіп, жұмыстар жүргізудің тиімді екенін айтып, тапсырмалар берді.

Жиында инвестициялық жобалар туралы да жан-жақты сөз етілді. Белгілі болғандай, 2025 жылға дейін өнеркәсіп бойынша 552 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Құрылыс саласы бойынша 158, 23 – көлік, 58 – жер қойнауын пайдалану, 28 – қорғаныс өнеркәсіп кешені саласындағы жобалар бар. Бұлардың бәрі мемлекеттік бюджет қаражатын есепке алмағанда, жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ.

Қол қойылған меморандумға сәйкес, биылғы жоспар 14,6 пайыз өсіммен 811 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет басшысына есеп берген Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев мәлім етті. Бұдан соң Серік Мелісұлы облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жайында қысқаша баяндап берді.

Асқар Ұзақбайұлы бұл бағыттағы жұмыстардың Алматы облысында жыл сайын алға басып келе жатқанын және осы бойынша қандай да бір көмек қажет болса, Үкіметтің қол ұшын беруге әрдайым әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ, Премьер-Министр жиында қаралған мәселенің бәрі назарда болатынын айтты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА