АВТОГАЗ БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ ӨСІРУШІЛЕР: АЛДЫН АЛУ ШАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 23.03.2021
Оқылды: 1028
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында «Автогаз сату нарығында бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ, монополияға қарсы заңнаманың нормаларын сақтау» тақырыбында кездесу өткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Автогаз бағасының өсуіне байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті "Open Space" алаңында автогаз сатумен айналысатын субъект өкілдерінің басын қосты. Онда өзекті мәселелер талқыланып, әр қатысушының пікірі тыңдалды.

«Азия Газ NG» ЖШС және «Корпорация Жетысу Газ» АҚ компанияларының өкілдері бөлшек бағаның өсу себебін 2021 жылғы 1 ақпаннан басталған автогаз сатып алу құнының көтерілуімен байланыстырды. Сонымен қатар, компания өкілдері автогазды Павлодар мұнай өңдеу зауытынан емес, Шымкент  мұнай өңдеу зауытынан жеткізген тиімді екендігін және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің автогаз бойынша берілетін өтінім көлемінің аз екендігін атап көрсетті. Автогаз сатумен айналысатын компаниялар өтінім көлемін ұлғайтуын сұрады.

Департамент тарапынан қатысушыларға автогаз бағасының негізсіз өсуі жағдайында монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдайтынын хабарлады.

Алматы облысы бойынша монополияға қарсы орган бизнес-қоғамдастықтың барлық өкілдерін, сарапшылар мен тұтынушыларды Open Space-ке белсенді қатысуға шақырады.

Facebook, Instagram-дағы dazrk_po_alm_obl, ал Facebook-тегі ДАЗРК Талдыкорган парақшасында талқыланатын тақырыптар мен жоспарланған іс-шаралар жарияланатын болады. Ұсыныстар электрондық пошта мекенжайы бойынша да қабылданады: dazrk_al@azrk.gov.kz және тел: 8(7282)-24-63-61.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"