ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ НИДЕРЛАНДЫ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 06.06.2021
Оқылды: 2004
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің Алматыдағы өкілдігінде Нидерланды Корольдігінен келген арнайы делегациямен кездесу өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев, Қазақстандағы Нидерланды Елшілігінің экономикалық блок басшысы Рональд Голдберг, шетелдік кәсіпкерлер мен отандық фермерлер қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесуде нидерландтық бизнес өкілдері Жетісу аймағындағы аграрлық саланың дамуына өз үлестерін қосуға ниетті екендіктерін жеткізді. Сол арқылы екі елдің экономикалық қарым-қатынасын одан ары нығайтуды көздеп отыр.

Нидерланды Корольдігі жер көлемі жағынан шағын мемлекет болғанымен өнім өндіру және оны экспортқа шығару бойынша әлемдегі озық елдердің қатарында. Әсіресе, аграрлық саладағы жаңа технологиялары дүниежүзіне мәлім.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ Нидерланды Корольдігімен тығыз байланыс орнатып келеді. Соның ішінде аграрлық салада жеткен жетістіктер аз емес. 

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев екі елдің достық қарым-қатынасына тоқталып, ауылшаруашылық саласында бірлесе атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесін тілге тиек етті.

– Ең алдымен, құрметті қонақтар, біздің елге хош келдіңіздер. Жетісу – аграрлық аймақ. Еліміз бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің 16 пайызы осы облыстың үлесінде. Әрине, сапалы өнім өндіру озық технологиялар арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан осы салада сіздер сияқты дамыған елдердің тәжірибесіне жүгіну біз үшін тиімді. Қазіргі таңда елімізде голландық технологиялармен жұмыс істеу қанатын кеңге жайып келеді, – деді Арслан Момышұлы.

Биыл облыста 970,5 мың гектарға егін егілді. Бұл көрсеткіш өткен 2020 жылмен салыстырғанда 2000 гектарға артып отыр. Облыста 2018-2019 жылдары Нидерланды елінен 290 тонна картоп сорттары сатып алынды. Бүгінде Жетісу жерінде 102 жылыжай жұмыс істеуде. Биыл тағы 3 жылыжай құрылысы салынады деп жоспарлануда.

Кездесуде Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев пен Қазақстандағы Нидерланды Елшілігінің экономикалық блок басшысы Рональд Голдбергтер екі елдің экономикалық қарым-қатынасының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын сөз етті.

Бұдан кейін шетелдік компания өкілдері өз өнімдерінің пайдасы мен тиімділігін жан-жақты таныстырды. Dalsem компаниясының менеджері Марк Бререн, Dutch Green House Systems фирмасының директоры Эрик Эгбертстер жылыжай құрылысындағы жаңа технологияларды, ондағы суландыру жүйесі, жарықтандырудың ерекшеліктері, бақша өнімдерін қуаттандыратын минералды тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және тағы басқа озық үлгілер туралы кеңінен әңгімеледі.

Кездесуден кейін аталған делегация Қарасай ауданындағы жылыжай құрылыстарымен танысты.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы