ДЕПУТАТТАР ОБЛЫСТАҒЫ ЕҢ КӨНЕ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫН КӨРДІ

Уақыты: 26.09.2021
Оқылды: 962
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастаған бір топ депутат Қарасай ауданындағы сапары кезінде В.Белинский атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына депутаттық мониторинг жүргізді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Қаскелең қаласында орналасқан аталған мектеп аудан бойынша ғана емес, облыстағы ең көне білім беру мекемесі. Биыл оқу орнының 154 жылдығы атап өтіледі. Ал мектеп орналасқан ғимарат 1990 жылы, яғни, осыдан 31 жыл бұрын салынған. Оған күрделі жөндеу бірінші рет жүргізіліп отыр.

Жанболат Әкебайұлы атап өткендей, мониторингтің негізгі мақсаты – жұмыс барысын тікелей құрылыс басында зерделеу, мердігерлермен, мектеп басшылығымен, аудандық білім және құрылыс бөлімдерінің өкілдерімен бірлесе отырып туындаған мәселелердің байыбына бойлап, оны тиімді шешу жолдарын бірге қарастыру.

Бұл нысандағы бас мердігер – «Авторемстрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Техникалық қадағалауды «Аймереке» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «ЭлМ» ЖШС мамандары жүргізеді. Құрылыстың жалпы сметалық құны бір миллиард теңгеден асады.

Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаевтың айтуынша, мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары биылғы 1 шілдеде басталған. Аяқталуы 1 қарашаға жоспарланғанымен жұмыс қарқыны баяу. Бұл қалпымен қарашаның немесе тіпті желтоқсанның аяғына дейін созылатын түрі бар. Осыған байланысты ғимараттағы атқарылатын жұмыстардың өндірістік кестесін қайта қарауға тура келеді. Мұнда қазір левкас жағу жұмыстары жартылай ғана орындалған, электр жабдықтарын жүргізу аяқталуға жақын, еден құйылып жатыр, жылу жүйесінің құбырлары тартылуда. Ғимарат қасбетін әрлеу және басқа да жұмыстар қатар атқарылуда.

Мәслихат хатшысы журналистерге берген сұхбатында депутаттардың осындай мониторингті өңірдегі түрлі елді мекенде салынып және жөнделіп жатқан барлық бюджеттік нысандарда жүргізгенін айтты. В.Белинский атындағы білім ошағындағы жұмыстың кестеден кешігуі мемлекеттік сатып алу жөн-жосығының біршама кеш басталуымен байланысты. Оған қоса мердігерлердің өзі де жұмысты кеш қолға алған. Сондықтан, құрылыс қарқынын жеделдету қажет. Бұл нысанда 120 адам жұмыс істейді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы