ІНДЕТ ЖАҒАДАН АЛҒАНДА, ӨРТ ЕТЕКТЕН ТАРТТЫ. ҮКІМЕТ ҚАРАҒАН ҮШ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 29.09.2021
Оқылды: 969
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен селекторлық режимде Үкімет отырысы өтті. Жиынға барлық ведомстволар басшылары қатысып, облыс басшысы Амандық Баталов ақпар берді. Үкімет отырысында үш мәселе қаралды.

Қазақстанда эпидахуал тұрақталып келеді. Соңғы айдың нәтижесі бойынша барлық аймақта індетпен ауырғандардың саны азайып, жағдайдың қалыпқа түсіп келе жатқандығын байқатады. Дәл қазіргі уақытта Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары «жасыл аймаққа» өтті. Ал Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Шымкент қаласы «сары аймаққа» шықты. Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облысы әлі де «қызыл аймақта». Бұл жайындағы ақпараттар үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Маминнің алдында айтылды. Алматы облысындағы жағдайды облыс әкімі Амандық Баталов баяндады.

Денсаулық министрі Алексей Цой індетпен күрес жайында, екпе егу бойынша толық ақпар берді. Оның айтуы бойынша бүгінгі күнге дейін 7,5 млн.адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 6,4 млн.адам екінші компонентін алған. Осы ретте Премьер-Министр індетке қарсы күресті бақылауда ұстап, екпе егуді жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы күз айында таралатын тұмау және өзге де инфекциялық жұқпа ауруларын да назардан тыс қалдырмай, профилактикалық күресті қатар алып жүру қажеттігін қадап айтты.

Екінші мәселе – Индустриалды картаның жобасын қарау бойынша да әңгіме өрбіді. Биыл 1,2 трлн.теңге сомасына Индустрияландыру картасының 128 жобасын іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін 1 трлн.теңгеге, экспорт көлемін $800 млн-ға арттыруға, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, металлургия, машина жасау, энергетика және жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларда шамамен 12 мың жұмыс орнын құруға жол ашады.

Жобаларды іске қосу бойынша оң динамика Қарағанды, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалады. Мысалы, аталған өңірлерде автобустар мен арнайы техника, полиэтилен құбырлары, тігін, медицина, резеңке және пластик бұйымдары, алкогольсіз сусындар, бутил эфирі мен полипропилен метил-трет өндірісі, Шелек дәлізіндегі ЖЭС-тің II кезегі, байыту фабрикасын салу және басқа да жобалар енгізілді. Премьер-Министр барлық аймақтың әкімдеріне әрбір жобаның іске асырылуын жеке бақылауда ұстауды және жыл соңына дейін олардың пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Үшінші мәселе төтенше жағдай, өрт қауіпсіздігі жайлы болды. 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 7 515 өрт тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға аз. Тілсіз жау салдарынан 251 адам қаза тапты, 217 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Өрттен келген материалдық шығын 6,5 млрд.теңгені құрады. Өрттің көпшілігі тұрғын үй секторында (58%) және көлікте (18,5%) болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы әзірленуде. Құжатта өрт сөндіру бекеттерін заманауи техникамен жарақтандыру, өртке қарсы ерікті құралымдарды дамыту, ерікті өрт сөндірушілердің әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктерін қамтамасыз ету, адамдар көп болатын, пайдалануға берілетін объектілерге, тұрғын және биік ғимараттарға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту мәселелері көзделетін болады. Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы жылдың 20 қазанына дейін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жол картасының келісілген жобасын дайындауды және қарауға енгізуді тапсырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ