ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА: ТАЛҒАР АУДАНЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 29.09.2021
Оқылды: 1062
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қыс қыр астында» дегендей, күздің алғашқы айы аяқталған кезде жылыту маусымының жақындай түскені сезіледі. «Қыстан қысылмай шығуға әзірлік қандай?» деген сауалымызға Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметі төмендегідей мәлімет берді:

– Талғар ауданында 47 елді мекен бар. Оның 29-на табиғи газ жүргізілген. Яғни, газдандыру мәселесі 61,7 пайызды құрайды. Аудан өңіріне газ таратушы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның филиалы мен «ЖетісуГазҚұбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі күнге тартылған жалпы желі 925,2 шақырымды құраса, табиғи газ тарифінің 1 шаршы метрге шаққандағы құны 29,62 теңгеден айналуда.

Аудан бойынша бюджеттік салаға қарайтын 97 нысан бар. Оның ішінде 57 білім ошағы, 16 медициналық мекеме, 5 мәдениет, 5 спорттық нысан жұмыс істейді. Сонымен бірге 2 әлеуметтік нысан мен 12 әкімдік ғимараты бар. Осылардың қатарындағы 34 нысан сұйық отынмен, 9 нысан көмірмен жылытылса, 40-ы табиғи газға жалғанған. 1 нысан Алматы қаласының орталық жылу жүйесіне жалғанған. Аталған нысандар жылу маусымына толық дайын, – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Аруна Ортай.

Жалпы, аталған ауданда барлығы 252 көпқабатты тұрғын үй бар, ондағы пәтерлер саны 6186. Оның ішінде 164 көпқабатты үй Талғар қаласында болса, қалған 88-і ауылдық округтерде орналасқан. Облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен осы көпқабатты үйлерді газдандыру мәселесі 2018 жылдан бастап қарқынды жүріп келеді. Содан бері 34 жылу қазандығы салынды. Ол қазандықтардан 138 көпқабатты үйге табиғи газбен жылу беріліп, тұрғындар орталықтандырылған жылыту жүйесінің рахатын көруде. 

Келер жылға тағы 30 қазандық салу жоспарланған. Егер бұл жоба жүзеге асса 68 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін болады.

Бүгінге аудан бойынша барлығы 44162 жеке тұрғын үй болса, оның 32376-сы газдандырылған.

Аудан тұрғындарын қысқы жылыту маусымында көмірмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ететін 3 көмір базасы жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде олардың қоймаларында 1820 тонна көмір бар. Қамданған қапыда қалмайтындығын ескеріп, ерте қимылдаған тұрғындар 45 654 тонна көмір сатып алған. Көмір бағасына келер болсақ, Қаражыра сұрпы 14500 теңгеден, ал Шұбаркөл 16 мың теңге төңірегінде.

Қыстан қысылмай шығудың қамына осы бастан кіріскен абзал.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы