ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ОТЫН ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ? ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Уақыты: 03.10.2021
Оқылды: 1030
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Күздің ызғары бірте-бірте күшейіп барады. Санаулы күндерден кейін еліміздің барлық аймағында жылыту маусымы басталады. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей аязды күндерге төтеп беретін отын қорын қамтамасыз ету, қазандықтардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалау осы бастан қолға алынуда.

Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында сұйық отынның 62%-ы және қатты отынның 97,7%-ы жеткізіліп үлгерген. Өңірде 262 бюджеттік ұйым бар. Соның 145-і сұйық отын, 116 мекеме қатты отынмен жылытылады.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, қыс бойы 5151919 литр сұйық отын жұмсалады екен. Ал қатты отынның қажеттілігі 900 тоннаны құрайды.

– Бюджеттік мекемелермен қатар халыққа қатты отын қорын жеткізу жұмыстары да ойдағыдай жүруде. Ауданда 16 көмір базасы орналасқан. Бүгінде 110 тонна таскөмір сатып алынды. Мәселен, Шұбаркөл көмірінің бағасы 17000 теңге болса, Қаражыра 15000 теңгеден саудаланып жатыр. Ауданда 395 көпқабатты үй бар. Ағымдағы жылы 79 үй блок модульді қазандықтарға қосылады. Оның 72-сі Есік қаласында болса, 4 көпқабатты үй Шелек ауылында, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асхат Аңсатбаев.

Алдын ала қамданудың арқасында ауданның жылу жүйесі қыстан қысылмай шығады деген үміттеміз.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы