АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АВТОЖОЛДАРЫ: САПА МЕН САН СӘЙКЕС ПЕ?

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 1678
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Журналистер үйінің «Jetіsý medıa» ақпараттық алаңында «2025 жылға дейін еліміздегі жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев қатысты.

Баспасөз мәслихатын бастаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов автожол саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында алға қойылған міндеттер жайлы ақпарат беріп өтті.

– Облысымызда жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 9634 шақырымды құрайды (республикалық маңызы бар – 2823 шақырым, жергілікті маңызы бар – 6811 шақырым). Ағымдағы жылда жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту үшін 279 жобаны іске асыруға жалпы 44,5 млрд.теңге қарастырылған. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен – 2,9 млрд.теңге, ұлттық қордан – 11 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен – 30,6 млрд.теңге. Қазіргі уақытта Алматы облысындағы республикалық маңызы бар 812 шақырым жолға қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда және ұзындығы 66 шақырымды үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу жобасы жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 27,7 млрд.теңге қаражат бөлінді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы филиалының директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев өздерінің атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталды.

Баспасөз мәжілісінде республикалық маңызы бар жолдардың сапасы және оларды күтіп ұстау басты назарда екені сөз болды. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» мекемесінің қызметкері бір ғана жолдың сапасына емес, жол бойындағы қызмет көрсететін орындар және көлік тұрағында орналасқан техникалық орындар мен жол ережелерін білдіретін белгілердің де талапқа сай екенін айтып берді. «Қызмет көрсету орталықтырының ең бірінші санитарлық тазалығына мән береміз және жол ережелері белгілерінің орнатылуын жол қауіпсіздігін тұрақты қадағалап тұрамыз», – деді Б.Айтбаев.

Жиында Ғалымжан Темірғалиұлы облыстағы жол жөндеу жұмыстарына кеңінен тоқталды.

– Ағымдағы жылы облыс бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту үшін 283 жобаны іске асыруға 47,4 млрд. теңге көзделген. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдарға 76 жоба, «Нұрлы жол» шеңберінде 39 жоба, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 22 жоба, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 18 жоба, жергілікті бюджет есебінен аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 167 жоба бар, – деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы барлығы 419,2 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Бүгінгі күнде 17 млрд.теңге игерілген және 286 шақырым автомобиль жолы жөнделген.

БАҚ өкілдерінің алдында істелген жұмыстарды толықтай баяндап өткеннен кейін спикерлер тілшілердің сұрағына жауап берді. Жол мәселесі көпшілікті толғандыратын болғандықтан оған қойылатын сауал да көп болды. Бұған дейін баспасөз бетінде бірнеше мәрте көтерілген Қаратал ауданына қарасты Үштөбе-Көпбірлік бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстары жайлы сауал қойылды. Мұнда жолдың сапасы мен жұмыстың уақытылы жүргізілмей жатқандығы туралы айтылды. 

– Бұл ретте аталған бағыттағы жолды салуға жаңа технология бойынша жұмыс жүрген, алайда климаттық жағдайға келмейтін болған соң жобаға өзгеріс енгізіліп, жұмыс кешеуілдеген. Дәл қазіргі уақытта бұл бағыт қайта қолға алынып, қазан айынан бастап жұмысқа кіріседі, – деді басқарма басшысы.

Одан кейін брифингте Сарыөзек-Көктал бағытында цемент зауыты орналасқаны айтылып, сол зауытқа тас тасыған ауыр жүк көліктері үлкен жолды бұзып жатқаны сөз болды. Жиында тұрғындардың бұл сауалы да назардан тыс қалмады. Бұған «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері жауап айтып, бұл бағыттарға қазір тендер жарияланып, мердігер мекеме анықталғанын, алдағы уақытта жұмысын бастайтынын және қосымша жолдың бұзылуына себепші болған компания өз есебінен жолды қалпына келтіруге атсалысатынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде облыс аумағындағы жолдардың сапасы республика бойынша ең жоғары деп бағаланып отыр.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы