АҚСУДЫҢ ШАРУАЛАРЫ ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ЖИНАУҒА ҚАУЫРТ КІРІСТІ: ТҮСІМ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 1745
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу қант зауыты биылғы балтамырларды қабылдауды бастады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Биыл ауданда 11 ауылдық округтің шаруа қожалықтары тәтті түбір еккен. Жалпы, өңірде 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді, оның сыртында 4 ірі шаруашылық қант қызылшасын өсіруге арналған техникалармен толық қамтылған. Ақсулық шаруалардан алғашқы болып өнімін "Әлихан", "Даниал" шаруа қожалықтары алып келді.

"Әлихан" шаруа қожалығының басшысы Берік Тынышбайұлының айтуынша, биылғы жылы өнім жаман емес. Ақсу ауданы бойынша орташа әр гектардан 450-500 центнерден өнім алу жоспарлануда. Ендігі басты мақсат қант қызылшасын дер кезінде жинап алу болып тұр.

Еске салайық, Ақсу қант зауытына Ақсу, Ескелді, Сарқан аудандарының шаруалары өнімдерін өткізеді. Тамырына қан жүгіріп, 2017 жылы қайта іске қосылған қант зауыты кезең-кезеңімен техникалық жаңартудан өтуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"