МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА АМАНДЫҚ БАТАЛОВТЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 06.10.2021
Оқылды: 1042
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының кезекті VIII сессиясында келелі мәселелер қаралып, күрмеуі қиын тақырыптар талқыланды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Кеңесті ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев сессияда 4 мәселе қаралатынын, алғашқы кезекте облыс әкімі Амандық Баталовтың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалатынын жеткізді.

Тақырыпқа байланысты арнайы баяндама жасаған аймақ жетекшісі биылғы 8 айдың ішінде қол жеткен жетістіктерге тоқталып, түзетілуі тиіс кемшіліктерді саралады. Есеп берушінің айтуынша, жыл басынан бері Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық өсуі қарқынды жүріп, барлық саланың жұмысы нәтижелі болған.

– Біз пандемиядан кейін экономиканың өсуін қалпына келтіру мақсатында және Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Өткен 8 айда жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді, облыс бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 110,4 процентті құрады. Бұл көрсеткішпен облысымыз республика бойынша бірінші орында тұр, – деген Амандық Ғаббасұлы қарапайым халыққа белгісіз мәліметтерді таныстырып өтті.

– Өнеркәсіпте өсім 13,8%-ды (946,5 млрд. теңге), ауыл шаруашылығында – 1,1%-ды (457,2 млрд. теңге), саудада 20,5%-ды (771,8 млрд.теңге), құрылыста 16,6%-ды (165,4 млрд. теңге) құрады. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 480,4 млрд. теңге мөлшерінде қамтамасыз етілді. Оның ішінде меншікті кірістер 31%-ға ұлғайып, 232,4 млрд. теңгені құрады. Облыс экономикасын дамытудың локомотиві саналатын өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жөніндегі көрсеткіштің соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанын атап өткен жөн.
Өткен 8 айдың қорытындысы бойынша бұл салада өсім 14,8%-ды құрады. Оның ішінде тамақ өнімдерінің өндірісі 13,5%-ға, сусындар өндірісі 11,8 %-ға, жеңіл өнеркәсіп 8,5%-ға, металл бұйымдары 5,2 есеге, электр жабдықтары өндірісі 1,6 есеге ұлғайды. Жыл басынан бері Еңбекшіқазақ ауданында «Нұрлы ЖЭС» (қуаты 4,5 МВт), Достық стансысында көпфункционалды жүк қайта тиейтін терминал (жылына 80 мың КТК), Іле ауданында «Pure Pack» алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт (100 млн. литр) іске қосылды,
- деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін Еңбекшіқазақ ауданында қуаты 7,2 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін өндіріп, терең мұздататын «Frosco» кәсіпорны, Іле ауданында жылына 6 мың тонна құрылыс материалдарын өндіретін «Алюгал» зауыты, жылдық қуаты 10 мың тонналық темір-бетон бұйымдарын өндіретін «Азия Темір ЛТД» зауыты және жиынтық қуаты 130,75 МВт. жаңартылатын энергия көздерінің 4 нысаны іске қосылады. Одан бөлек, отандық өнімді экспорттау 13%-ға өсіп, 147 млн.долларды құрады.

Дайын металл бұйымдарының экспорты 3 есеге, машина жасау 1,5 есеге, тамақ өнеркәсібінде 16,8%-дық өсу байқалады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн. теңгеден асып, шикізаттық емес экспорт 6%-дық өсіммен 392 млн. АҚШ долларына жетеді.

Ауылшаруашылығын қолдау үшін биыл 50 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, оның 43 млрд. теңгесі субсидия есебінде берілді. Егістік көлемі 972 мың гектарға жеткен Жетісу жерінде масақты дақыл жинау аяқталып, 864 мың тонна астық бастырылды. Көкөніс пен картоп түсімі 1,6 млн. тонна болса, 100 мың тонна жеміс жиналыпты. Биыл 520 мың тонна қант қызылшасын жинап, 55 мың тонна қант өндіру межеленіп отыр. Көксу қант зауытында тәулігіне 300 тонна қамыс қантын өндіру желісі іске қосылып, жыл басынан бері 42 мың тонна шикізат өңделген.

Көп жылдан бері пайдаланылып келе жатқан суару жүйелерін қалпына келтіру үшін бірқатар шаралар қолға алынып отыр. Биыл барлығы 14 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік беретін 21 нысанды күрделі жөндеуге 6,3 млрд. теңге бөлінген. Бұдан басқа, Ислам даму банкі есебінен Ескелді және Ақсу аудандарында суару желілерін қайта жаңарту жүргізілуде.

Облыстың барлық өңірлерінде ет пен сүт өндіретін шаруашылықтар іске қосылып, жергілікті халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Қазір барлығы 83 сүт-тауар фермасы мен 111 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Барлық саланың жұмысы нәтижелі. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту, ауылшаруашылығын қолдау, ішкі туризмді өркендету, білім, денсаулық, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру сынды салалар нәтижесіз емес. Жыл басынан 3 мыңнан астам кәсіпкер қолдауға ие болып, «Бастау Бизнес» жобасымен 3489 адам оқуға жіберілген.

Соңғы екі жылда қойылған карантиндік шектеулерге қарамастан Жетісу жерінің тұмса табиғаты мен әсем де көрікті мекендері отандық туризмнің өркен жаюына септігін тигізген. Мысалы, биыл Алакөл, Балқаш және Қапшағай көлдерінің жағалауында 1,7 миллион адам суға шомылып, уақытын тиімді өткізген.

Туристердің басым бөлігінің – 1,3 миллион адамның суы шипалы Алакөлге қиындықсыз жетуі үшін жолаушы тасымалы қарқын алып, қосымша авиарейс мен пойыздар қатынасы ұлғайды. Ол үшін Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңартылып, Ақши ауылында кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Балқаш, Көлсай және Қайыңды көлдеріне апаратын жолдар жөнделуде.

Халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру шаралары жүргізіліп келеді. Ол үшін тұрақтандыру қорлары мен кәсіпкерлік нысандары лайықты қолдау алып отыр. Картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат секілді ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер қолдаудан кенде емес. Соның арқасында өңірдегі 123 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 262 мың адамды жұмыспен қамтып, бюджет түсімін 8 айдың ішінде 131,4 миллиард теңгеге жеткізді.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Биыл облыс аумағында салынуы тиіс бір миллион шаршы метрден астам баспананың 663,5 мың шаршы метрі пайдалануға беріліп, көпшілік қоныстойын тойлап үлгерген. Баспанамен қамтудың барлық бағдарламасына сәйкес облыста 4030 отбасы баспаналы болады. Бүгінде өз үйіне кірген 1085 шаңырақтың 247-сі көпбалалы және аз қамтылған отбасы.

Мұның сыртында таза ауызсумен қамтамасыз ету, газдандыру секілді жұмыстар жедел жүргізілуде. Сапалы ауызсуды шалғайдағы ауылдарға жеткізуге қажетті қаражат жеткілікті. Мәселен, «Нұрлы жер» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 42 жобаны іске асыруға 8,6 миллиард теңге қарастырылған. Ал, табиғи газбен қамтамасыз ету мөлшері биыл 61%-ға көтеріліп, 23 елді мекенге көгілдір отын жеткізіледі. Облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру толығымен аяқталса, Балқаш, Қаратал, Көксу, Жамбыл, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының елді мекендеріне табиғи газ жеткізілді. Алдағы жылдары шалғайдағы Райымбек, Кеген, Алакөл, Сарқан аудандарының тұрғындары көгілдір отынның пайдасын көреді.

Облыста жолдар жөнделіп, мектептер мен ауруханалар салынып жатыр. Мұғалімдер мен дәрігерлер баспанамен қамтамасыз етіліп, халықты жұқпалы дерттен сақтаудың жолы – вакциналау жұмысы тоқтаусыз жүріп келеді. Соның арқасында 1,1 миллион адам вакцина алып, коронавирустың таралуын тежеуге септігін тигізуде.

Мәдениет пен спорт салалары да нәтижесіз емес. Нарынқолда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші мен аллеясы ашылса, Балқаш, Райымбек аудандарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Ақсу, Алакөл, Ұйғыр аудандарында тағы төрт кешеннің құрылысы жүргізілуде. Биыл облыс орталығында Орта Азия бойынша ең ауқымды жүзу бассейні ашылғаны белгілі. Олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін заманауи бассейнде қазір 1126 бала жаттығу өткізуде.

Осындай жетістіктерді үстемелеу жолында аянбай еңбек ету керектігін алға тартқан облыс әкімінің есебін талқылау үшін жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың депутаттары Гүлжан Ерубаева мен Сұлтан Нұрдәулетов аймақ басшысының жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді. Одан соң сессияда қаралуы тиіс «Алматы облысының басқару схемасын бекіту», «Облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 14 ақпандағы №27-171 «Алматы облыстық мәслихатының регламентін бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану», «Облыстық мәслихаттың депутаты Д.Құрышбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату» сынды тақырыптарға депутаттар дауыс беріп, мәселелерге қолдау танытты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы