ҚЫСТАН АМАН ШЫҚПАУЫ МҮМКІН. АҚСУДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ СИЫРЛАР ӨЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1348
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылындағы «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС тауарлы-сүт фермасындағы асыл тұқымды сиырлардың аянышты жағдайы туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова қозғаған мәселе әлеуметтік желі мен ел-жұрттың арасында қызу талқыланды. Осы істің анық-қанығын білу үшін аталған фермаға біз де барып қайттық.

Расында, инвестициялық құны 5 млрд.теңгеден астам қаржыға бағаланған жобаның ауқымы кең.  Жоспар бойынша 2024 жылы мұндағы Даниядан әкелінген «Jersey» асыл тұқымды сиыры 1300 басқа жетіп, облыстағы сүт өнімін өндіретін зауыттардың қажеттілігін қамтамасыз етуге көп көмегі тимекші. Кестеде көрсетілген ақпаратта компанияның материалдық-техникалық базасы кемелді. Қызылағаш ауылында мал азығын және жем-шөп дайындауға арналған жердің 70 пайызы суландыру жүйесімен жабдықталған. Осыған қарағанда олардың әрқандай ірі инвестициялық жобаны дөңгелеНтіп әкетуге мүмкіндігі мол. Өкінішке қарай, тақтадағы цифр мен фермадағы сиырдың жағдайы мүлде басқаша.

Ауыл іргесіндегі төбесі көк түсті шатырмен жабылған, айналасының алқам-салқамы шыққан қораны атағы жер жарған бірлестіктің асыл тұқымды сиыр фермасы деп айту ұят. Түк таппағандай, ағашпен айналдыра қоршап қайған мал қораның қабырғасы әлі қаланып бітпеген. Ішінде 300-ден аса бұзау тақыр жерге төгілген азықты жалап жеп жүр.

Ал сауын сиырлар қамалған базаны көрген адам асыл тұқымды мал ұстауға арналмағанын бірден байқайды. Осыны көріп-ақ «бірлестік осынау ірі жобаны жүзеге асыруға басында дайын болмаған» деген қорытынды шығаруға болады. Содан кейін мамандар дайындау ісіне де көңіл аударылмаған. Жарты жылдың ішінде 3 басқарушы ауысса, малдың жағдайын қадағалайтын мамандардың өзі көз алдында жүдеп-жадап бара жатқан жануардың жайын ойлап, бірде-бірі дабыл қағып, жұрт назарын аудармаған. Ферманы басқаруға жақында ғана келген Сауат Оразбаев еті тірі жігіт көрінді.

– Қазір бар күшімізбен мал азығын дайындап, қораны жөндеудеміз. Қазір мұнда 226 бас сауын сиыр, 326 бас  бұзау бағылуда. «Бұзауларды сатып жатыр» деген артық айтылған сөз. Компанияның мал азығы себілген 462 гектар жүгері және жоңышқа алқабына шалғы түсіп, сүрлем дайындалып жатыр. Сүрлем және жемшөп қорын толықтырып алсақ, қыстан қысылмай шығамыз, – дейді ол.

Тағы бір жағынан, 5 млрд.теңге инвестиция тарту – бір аудан үшін барын салып қолдайтын дүние. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауда инвестиция мәселесін көтеріп, инвесторларға барынша қолдау көрсету керектігін тапсырды. Осыған дейін агрохолдинг пен аудан әкімдігі арасында дұрыс қарым-қатынас болмағаны көрініп тұр. Демек, жыл басында шетелден асыл тұқымды сиырлар аудан аумағына жеткізіліп, өсіріле бастағаннан аудан әкімдігі тарапынан қадағалау жұмысы жүргізілу керек еді.

Өйткені, бұл жоба аудан экономикасына салым салумен қатар, беделін де өсіре түседі. Өкінішке қарай, бүгінгі нәтиже ауданның беделіне нұқсан келтірмей қойған жоқ. Тіпті, осы көктемде «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС-нің құны 150 млн.теңге тұратын техникасын әлдебір қаскөйлер өртеп жіберген. Оның артында қандай зымиян жоспардың тұрғанын білмедік. Міне, бұл іс әлі күнге дейін ашылмаған.

Мәселенің туындауының 3-ші себебі – компанияның есепшотын мамыр айынан бастап Алматы облыстық мемлекеттік кіріс департаменті: «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС шетелден әкелінген асыл тұқымды сиырларға 36 млн.теңге салықты төлемеді» деген негізбен бұғаттап тастапты.

Нәтижесінде, агрохолдинг мал азығын сатып алуға, жұмыс істейтін 100-ден астам адамның жалақысын төлеуге қаржы таппай қиналып қалыпты. Бұғалтталған есепшотты қайта ашып беру туралы әңгіме аудан, облыс, Нұр-Сұлтан қаласына дейін жетіп, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының да күн тәртібінде қаралған. Осы екі айдағы сабылыста асыл тұқымды сиырларға азық пен дәрумендер дер кезінде берілмей, жұмысшылар жалақыдан қағылып, елді елеңдеткен жағдай туындаған.

– Біз компанияның бұғатталған қаржысын шешу үшін барынша көмектестік. Тиісті мекемелермен жақсы мәмілеге келдік. Әсіресе, облыс әкімдігінің жан-жақтылы демеуінің арқасында орын алған мәселе шешіліп, қазір жұмысшылардың тоқтап қалған екі айлық жалақысы толық төленді. Мал ұстайтын қора мен мал азығын дайындау ісі жоспарға сай жүріп жатыр. Қиындық тудырып отырған жанар-жағармай мәселесін де толық шешіп береміз, – дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин.

Шындығына келер болсақ, мұндағы 300-ден аса бұзаудың жағдайы алаңдата қоймайтын шығар. Ферманың мал дәрігері Жасұлан Жаманқұловтың айтуынша, бұзауларға туғаннан бері керекті дәрумен мен үш уақыт сүт толық беріліп, арпа мен жемшөптен тарықпапты. Сиыр сауатын арнайы орын дайындалып, ауырған сиырларды бөлектеп, ем-дом жасауда. Алайда керек кезінде азықтан тарығып, сіңірі шыққан сауын сиырлардың жағдайы мәз емес.

Салдарынан жыл басынан бүгінге дейін түрлі себеппен 21 бас сиыр өліпті. Егер дайындық жұмысын дұрыс жоспарлап, жем-шөп қоры, қыста мал тұратын жылы қора тез арада дайындалмаса, қалған ашатұяқты жануар қыстан аман шықпайды. Жер сипап қалуы да мүмкін. Сондықтан, тиісті мекемелер қолдан келер көмегін көрсетіп, мәселені назардан шығармай қадағалап отырса, бар мәселе шешілер еді.

Қажет АНДАС

Қызылағаш ауылы,

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы