ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ САРҚАНҒА БАРЫП, ЕЛДІҢ ШАҒЫМЫН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1423
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ Сарқан ауданы халқымен кездесуінде аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту сынды маңызды мәселелер қозғалды. Тұрғындардың сауалдарына жауап қайтарылып, түйткілді тұстарды шешу жолдары қарастырылды.

Облыс басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтылғандарға сай, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды ерекше назарда ұстайтынын айтты.

- Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсу қарқыны 101,9%-ды құрады. Мемлекеттік бюджетке 90 млрд.теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке 18 пайыз өсіммен 35 млрд. теңге түсті. 45 инвестициялық жоба іске асырылуда, 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жыл басынан бері 6 инвестициялық нысан іске қосылды. Жалпы облыс экономикасына 111,8 млрд.теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға артық, – деген Бейбіт Өксікбаев жыл соңына дейін Сарқан ауданында үлкен жоба «Eneverse Kunkuat» жел электр стансысының құрылысы аяқталатынын айта кетті.

Аймақта ауылшаруашылығы оң өсімді көрсетіп, өндіріс көлемі 1,9%-ға артты. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 28 млрд.теңгеге жуық қаражат бағытталды, оның ішінде субсидиялар – 23 млрд.теңге. Астық жинау науқанында қамбаға 800 мың тоннадан астам дәнді дақыл құйылады, 85 мың тонна қант өндіріледі деген болжам бар.

- Облыстағы екі қант зауыты арқылы алдағы 2-3 жылдың ішінде елдегі қантқа деген қажеттіліктің 40 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Өңіріміздің ауылшаруашылық саласындағы әлеуеті өте жоғары. Соны тиімді пайдалану үшін инвестициялық жобаларды қолға аламыз. Облыста суару желілерінің тозуына байланысты каналдардағы су шығыны артып отыр. Осы мәселені шешу үшін 53 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру мақсатында облыстың 8 ауданында суару желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 1,7 млрд.теңге бөлінді, – деген облыс әкімі Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді жыл аяғына дейін қайтару бағытында нақты шешім қабылдауды жүктегенін, бүгінде осы мәселеге қатысты облыстық комиссия жұмыс атқарып жатқанын еске салды.

Облыс әкімі «Аудан әкімінің орынбасары құзыретін пайдаланып, әйеліне 500 гектар жер алып берген» деген нақтыланбаған деректің барын алға тартып, мәселені бүге-шігесіне дейін тексеруді тапсырды. Көпшіліктің көзінше: «Маған түскен шағымда: «Жайылымдық жерлерді бөлу бойынша комиссия төрағасы осыдан бірнеше ай бұрын әйеліне 500 гектар жер бөліп берді» деген ақпарат бар. Комиссия төрағасы ретінде өз әйеліңізге 500 гектар жер бөліп беруге ұялмайсыз ба?» – деді аудан әкімінің орынбасарына қарата. Сол жерде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып мәселені аяғына жеткізуді тапсырды.

Аудан әкімінің орынбасарына қатысты арыз мұнымен бітпеді. Кездесуде оның шаруаларға арналған жеңілдетілген дизель отынын жанар-жағармай бекеттеріне заңсыздықпен құйып беріп отырғаны да айтылды. Егер заңбұзушылық анықталса, заң аясында қатаң шара қабылданатын болды.

Жалпы облыс экономикасына Сарқан ауданы айтарлықтай үлес қосып келеді. Әсіресе, қант қызылшасы мен майлы дақылдарды өндіру жақсы жолға қойылған. Аудан майлы дақылдар егістігі бойынша 2-орында, оның алқабы 22,4 мың гектарды құрайды. Жыл сайын 20 мың тоннадан астам көкөніс, 7 мың тонна алма өсіріледі. Болашақта жеміс пен көкөністі қайта өңдеу өндірістерін ашу керек. Жеміс-жидек сақтайтын қойма салу қажет. Суармалы судың тапшылығы да күрделі. Қуаттылығы тәулігіне 120 тонна сүт өңдейтін «Ақбұлақ продукт» зауыты күніне тек 3 тонна сүт өңдеуде. Өйткені бірде-бір тауарлы-сүт фермасы құрылмаған. Сонымен қатар, қолданыстағы 14 бордақылау алаңының 8-і жұмыс істемейді. Мал басының көбеюіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі байқалады. Облыс басшысы агроөнеркәсіптік кешендегі күрделі тұстарды термелей келе орынбасары Ә.Жақанбаевқа, ауылшаруашылығы басқармасының басшысына аудан әкімдігімен бірлесіп, аталған маңызды мәселелерді тез арада реттеуді тапсырды.

Өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, туризм, халықты баспанамен, таза ауызсумен, табиғи газбен қамту, жол сапасын жақсарту сынды маңызды мәселелерді де назарға салды. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларына тоқталды.

Тұрғындар қойған сұрақтар да жауапсыз қалмады. Қазыбаев ауылынан келген Талғат Оралханов: «Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт 1970 жылы салынған, қазір керегесі жарылып тұр. Бізге жаңа ФАП керек», – деді.

Облыс әкімі аталмыш мәселе шешілетінін, 2023 жылы жаңа ФАП салынатынын айтты. Ал, Аманбөктер ауылының тұрғыны Есенжол Мүсәпіров Екіаша мен Аманбөктер арасындағы жолдың 3 шақырымына асфальт төселмегенін жеткізіп, Мәдениет үйін салу мәселесін көтерді. Жол жөндеу келесі жылдың жоспарына енгізіліп, 80 орынды Мәдениет үйі алдағы жылы салынатын болды.

Екіаша ауылынан келген Анар Өнербаева ауылдастары атынан ауызсу, интернет мәселесін көтере келе, «Baskan power» ЖШС салып жатқан ГЭС үйінің жанынан өтетіндіктен баспанасын су алып кеткенін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысына мәселенің анық-қанығын анықтап, тиісті шешім қабылдау тапсырылды. Сонымен бірге, Екіаша ауылының сумен қамту жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжатына қаржы қарастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылға белгіленді.

Қойлық ауылының тұрғындары мал жайылымы, ауызсу сапасын жақсарту, ауылішілік жолдарды жөндеу, жазғы маусымда суару суымен қамту мәселелерін көтерді. Бұл жағдайда оң шешімін табады. Қазіргі кезде ірі жер иеленушілермен келісім жасалуда. Ал Сарқан қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Ермек Шәкенқызының апатты үйі демеушілердің көмегі арқылы жөнделетін болды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сарқан ауданы,

Жетісу облысы