Мүмкіндіктер алаңы

Уақыты: 19.10.2017
Оқылды: 1014
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңір орталығына сапарлай келген Сербияның «Интерьер Янкович» компаниясының өкілдері интерьерлерді,  инновациялық құрылыс технологиясын таныстырды. Кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жүргізді.

Әуелі Лаззат Махатұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктеріне, өңірдің инвестициялық жағынан қолайлы тұсына тоқталып өтті. 
– Қазіргі кезде өңірде жалпы инвестиция көлемі айтарлықтай артып, 63 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Келешекте оларда 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Бір сөзбен айтқанда, біздің облыс мүмкіндіктер алаңы, – деді Лаззат Махатұлы. 
Бұдан соң сербиялық тарап өкілдері сөз алып, өз компанияларының артықшылығы туралы айтты. «Интерьер Янкович» компаниясының бас директоры Божо Янкович компания жұмысы туралы кеңінен әңгімеледі. Айталық, 30 жылдық тәжірибесі бар ірі серіктестіктің Қазақстан нарығына келгеніне 3 жыл болған. Қазірде серіктестік филиалы Алматы қаласында орын тепкен.  
Ал компанияның коммерциялық директоры Зоран Рацичтің айтуынша, аталған жобаның артықшылығы көп. Еркін тасымалдауға, кез келген жерге құрастыруға қолайлылығымен қоса жұмыс барысында нысан құрылысына жұмсалатын уақыт 50 % қысқарады. Есесіне сапасы мен қауіпсіздігіне де кепілдік беріледі. Модульді жүйелер балабақшалардың, мектептер мен ауруханалардың, жатақханалар мен қонақ үйлердің, коттедждер мен басқа да нысандардың құрылысына пайдаланылады. 
Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов кеңейтілген таныстырылым үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, бұл кездесудің Алматы облысы мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өрісін кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді. 
Қ. ӘБДІҒАПАР.