Өнеркәсіп қаласының құрылысы басталды

Уақыты: 11.11.2023
Оқылды: 747
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысына қарасты «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қазақстандық-қытайлық өнеркәсіп қаласының құрылысы басталды. Бұл жайында республикалық «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Қазақстан мен Аспанасты елінің арасындағы тауарайналымын молайтуда маңызды рөл атқаратын, сонымен қатар Жетісу өлкесінің экономикасын жандандыруға да айтарлықтай қарқын беретін бұл жобаның жалпы құны 1 млрд. доллардан асады. «Бірнеше жылда салынып бітеді» деп болжанған бұл қаладағы өнеркәсіп нысандары толықтай іске қосылғанда нарыққа сан түрлі өнімдер шығарып, мыңдаған жерлестерімізді жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етпек.  

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының еліміздің Қытаймен арадағы шегарасында мультимодальдық транспорттық-логистикалық хаб ретінде құрылғандығын да еске сала кетейік. Әдетте қала орталығында немесе бірнеше негізгі магистральдар түйісетін тұста орын тебетін мұндай логистикалық жүйе жүкті транспорттың бірнеше түрімен тасымалдауды қамтамасыз етеді. Уақыт өте келе бұл торап жылдамдығы жоғары автобан мен теміржолдан және жүк тасымалымен айналысатын әуежайдан тұратын болады. Бұл жолдардың барлығы өз қуатында іске қосылған кезде көршілес екі ел арасындағы ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы аса ауқымды жүк айналымын да қамтамасыз ететін болады.

Қазіргі кезде қажетті инфрақұрылым тартылатын алаңдарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл орайдағы шаруаға әзірше 10 техника тартылған, жақын арада Қытай елінен қосымша ауыр техника жеткізіледі деп күтілуде. Инженерлік коммуникациялар 1-2 жылдың ішінде толық тартылып бітіп, жаңа өндірістердің қазығы қағыла бастамақ.

Тұтастай алғанда 1000 гектар аумақты қамтитын қазақстандық-қытайлық өнеркәсіптік қала аумағына 200-ге жуық кәсіпорын шоғырланбақ. Олар, жоғарыда атап өткеніміздей, сан түрлі өнімдерді, соның ішінде мұнай-химия өнімдері мен азық-түлік те шығаратын болады.

Алғашқы кезеңде 8 кәсіпорын іске қосылады деп болжануда. Соның бірі – қуаттылығы 600 Мегаватты құрайтын газотурбиналық стансы. Аталған стансы жаңа өнеркәсіп орындарын, онымен қоса осындағы Жаркент қаласы мен өңірдың тағы бірқатар елді мекендерін электр энергиясымен жабдықтайтын болады.

Осыған қатысты тағы бір сүйінішті жаңалық – өнеркәсіп қаласы облысымыздың 4 мыңнан астам тұрғынын жұмыс орындарымен қамтымақ.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ