Береке бар жерде молшылық бар

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 584
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жетекші саласы. Ал Жетісу облысы аталған саладағы мол өнім өндіретін аймақтың бірі. Шаншысаң шыбық өнетін жердің бабын тапса, өспейтін дақыл жоқ. 

Биылғы жиын-терін нәтижесі көз қуантады. Облыс бойынша дәнді дақылдардың 299,5 мың гектары, яғни, 92,3% жиналды. Әр гектардың өнімділігі 23,1 центнерден айналуда. Бұл – жақсы көрсеткіш. Шаруалар күні бүгінге дейін 691,1 мың тонна астық жинады. Дала аруы саналатын дәндік жүгері негізінен Жаркент өңірінде өсіріледі. Аудан халқы бұл дақылды өсіруге бейімделген. Қазір 32,3 мың гектар жүгері жиналып, 204, 6 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 63,3 центнерді құрады.

Облыста күріш өсіретін жалғыз өңір – Қаратал ауданы. Жер ыңғайы мен климаттық ерекшелігіне қарай дәнді дақылдың осы түрімен мұнда 3 ірі және 10-ға жуық шағын шаруа қожалығы айналысады. Мемлекеттен тұқым, тыңайтқыш, гербицидке берілетін субсидия шаруаларға едәуір көмек болды. Биылғы өнім былтырғымен салыстырғанда оң нәтиже көрсетті. Шаруалар күріштің 799 гектарын жинап, 2, 56 мың тонна өнім алды. Барлығы 80,6 мың гектарға егілген майлы дақылдың 57,2 мың гектары орылды.

Картоп жинау да толық аяқталып, 232,2 мың тонна өнім алынды. Көкөніс-бақша дақылдарын жинау жұмысы да тоқтап, 276,8 мың тонна өнім жиналды. Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет қаулысымен «Қант саласын дамыту жөніндегі 2022–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітіліп, нақты іс-шаралар атқарылуда. Биыл тәтті түбірдің алқабы артып, қант қызылшасы шаруашылығы мықтап қолға алынды. Қызылшаның 65,0% жиналып, 223,4 мың тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 405,1 центнерді құрады. Аталған дақылды жинау кезінде өнімділіктің жоғары көрсеткішіне қол жеткізген шаруалар да бар.

Атап айтқанда, Қаратал ауданынан «Кальпе Агро» ЖШС гектарына 754 центнер, «Ислам» ШҚ гектарына 743 центнер, «Бекмұрзаев» ШҚ гектарына 655 центнер, Көксу ауданынан «Серік» ШҚ гектарына 800 центнер өнім алды. Келер жылы өнім көбейту жоспарда бар. Егін жинау науқанына 56 қызылша жинайтын, 22 өздігінен жүретін және 39 тіркемелі комбайн жұмылдырылды. Осы техникалардың арқасында жиын-терін уақытылы аяқталды. Шаруалар техникадан таршылық көрген жоқ. Өңірде сыйымдылығы 501,3 мың тонна болатын 380 астық қоймасы мен 81 механикаландырылған қырман өнім қабылдауға дайын.

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға жалпы 23,5 млрд. теңге қарастырылды. Оның 12,8 млрд. теңгесі егін шаруашылығы бағытына бөлінді. Минералды тыңайтқыштар алуға 2 233,1, пестицидтерге 462,0,  басым дақылдарға 6 444,0, тұқымға 974,8 млн. теңге жұмсалды. Республикалық бюджеттен қосымша 2 500,0 млн. теңге берілді. Егін жинау әлі жалғасуда. Жұмыстың жүйелі әрі уақытылы атқарылуы басты назарда.

Нұрдәулет КЕНЕНБАЕВ,
облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы