Бүгін – Ауылшаруашылығы қызметкерлері күні

Уақыты: 18.11.2023
Оқылды: 492
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жер жаннаты Жетісу өңірі – аграрлы аймақ. Өңірлердегі тұрғындардың көбі егін егіп, мал ұстайды. Облысымызда ауылшаруашылығын уақыт талабына сай өркендету мәселесіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Ауылшаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде брифинг өтті.

Шара барысында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев аймағымыздағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Облыста ауылшаруашылығы мақсатындағы 4,6 млн. гектар жер бар. Салада 21 мың ауылшаруашылығы тауарын өндіруші жұмыс істейді. 10 айында жалпы өнімінің көлемі 101,5% өсіммен 417,2 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы өнім 544,2 млрд. теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 3 негізгі стратегиялық мақсат айқындалды – қант, ет және сүт өндірісін ұлғайту. Ауыл халқының табысын арттыру шеңберінде «Ауыл аманаты» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске асыру жалғастырылады, – дей келе Президент тапсырмасының орындалуын баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы жылы қызылша өсірушілерді қолдау үшін зауытқа сатылатын қант қызылшасы субсидияларының нормативі тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылыпты. Оған бюджеттен 8,4 млрд. теңге бөлінген. Бұл қант қызылшасы егістігін 8,7 мың гектарға дейін ұлғайтуға серпін берді. Бүгінде облыс бойынша 8,3 мың гектар жерден 306 мың тонна тәтті түбір жиналды. Көксу қант зауытына 222 мың және Ақсу қант зауытына 84 мың тонна қылша тапсырылды. Сондай-ақ, Президент Ақсу қант зауытының қызметін қалпына келтіруді тапсырған болатын. Биыл зауытты қалпына келтіру жұмыстары аяқталып және қант қамысын қайта өңдеу желісі орнатылып, 3 мың тонна тростник шикізаты мен 1,8 мың тонна мазут сатып алыныпты. Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап зауыт қант қызылшасын қабылдауды бастады. Жалпы екі зауыт 71 мың тонна қант, оның ішінде 42 мың тонна қызылша және 29 мың тонна қамыс қантын шығаруды жоспарлап отыр. Облыста қант өндірісін дамыту және шаруашылықтарды субсидиялармен қамту мәселелері тұрақты бақылауда. Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында биыл 8,7 млрд. теңге сомасына 510 бірлік ауылшаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Оның ішінде «Жасыл Даму» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгеге 36 бірлік алынды. Облыста су үнемдеу технологиясы 9,2 мың гектарға енгізілді. Суармалы су беру үшін 54 гидротехникалық құрылым жұмыс істейді. Келешекте көлемі 116 млн. текше метр болатын 7 жаңа су қоймасын салу, 4 ауданда суару желілерін қайта жаңарту көзделген.

Облыста мал шаруашылығы саласы да қарыштап дамып келеді. Биыл 169 шаруашылық 29 мың бас тауарлық мал сатып алды. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта ет өндірісін 3,1%-ға және сүт өндірісін 2,5%-ға ұлғайту жоспарлануда.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: ашық дереккөз