Жеңілдікпен несие алды

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 700
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау аяқталды. Биыл 3 млрд. теңгеден аса қаражат жеңілдікті несие беру көзделген. 

Ақсу ауданының тұрғындары да өз ісін дамытуға мемлекет көмегін пайдалануда. Солардың бірі Сағадат Қабаш аталған өңірдің ірі шаруашылықтарының бірінде біраз жыл жұмыс істеген. Тәжірибелі еңбеккер елмен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп, өз ісін ашуға бел буды. Сөйтіп, ол 3 миллион теңге несиеге жүзге жуық қой мен жемшөп сатып алды. Қазір ол өзінің жеке малы барын, енді отбасында тұрақты табыс болатынын, осындай істі бастауға мүмкіндік берген мемлекетке алғысының шексіз екенін жеткізді. Оның отбасы көпбалалы. Қытайдан атажұртқа 10 жыл бұрын көшіп келген. Сол кезде сатып алынған үйін несие алуға кепілге қойған.

Осы аудан тұрғыны Құлшан Мүптіқалан да несие бойынша мөлшерлеме небәрі 2,5% болғандықтан, аталған бағдарламаға қатысуға шешім қабылдағанын, бәрі ойдағыдай болса, келесі жылы оның малы екі есеге өсетінін, сондай-ақ, төлемдер бойынша екі жылдық демалыс барын, оған дейін аяққа тұрып, несиемен есеп айырысуға мүмкіндік болатынын сөз етті.

Айта кетейік, аталған ауданда мемлекеттік бағдарлама бойынша 80 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы облыс бойынша биыл жеңілдікті мөлшерлеме бойынша 460-қа жуық ауыл тұрғыны несие алады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жанар Тұрысжанқызының айтуынша, бағдарлама бойынша өтінімдер көп түседі. Егер биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 3 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінсе, келесі жылы екі есе көп қаражат сұралмақ.

Жетісу облысы – аграрлы аймақ. Мамандардың сөзінше, келесі жылы бағдарламада өзгерістер күтіліп, ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын кәсіпорындар құру жолға қойылмақ.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Ақсу ауданы

Фото: primeminister.kz