Толағай табыс маңдай термен келеді

Уақыты: 14.03.2024
Оқылды: 403
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде Талдықорған қаласына  қарасты Өтенай ауылы бойынша 153 шаруа құрылымы, 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Олардың дені мал және егін шаруашылығымен шұғылданады.  Солардың бірі – 20 жылдан астам уақыттан бері ата кәсібін дөңгелетіп келе жатқан аймақтағы «Махан Алмас» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылықтың жетекшісі Шамбылай Өскебаев  бізге  сұхбат беріп, өзінің  ұзақ жылғы табысты тәжірибесімен бөлісті.

– Шамбылай мырза, жалпы сіз ауыл шаруашылық саласына қалай келдіңіз?

  – Ел ырысы – еңбекте. Толағай табыс маңдай термен келеді. Біз ата-бабалары ежелден аттың жалы, түйенің қомында, малын бағып, жерден игіліктеніп өскен халықтың баласымыз ғой. Бабалардан қалған ұлан-ғайыр дала біз үшін жұмақ мекен.  Оған тер төгіп, оны гүлдендіру әр қазақ баласының басты парызы. Менің жерден игіліктеніп, ауыл шаруашылығында еңбек етіп келе жатқаныма 40 жылдан асты. «Елу жылда ел жаңа» деген.  Осы  жарты ғасырға жуық мезгілде өз басым ауыл шаруашылық саласының өркендеп биік өреге көтерілгенін, құлдырап құрдымға кетуге шақ қалғанын да көрдім. Қайта, еліміз Тәуелсіздік алып, халық бір реткі тоқыраудан өткенен кейінгі ес жиып, еңсе тіктегеннен бері жеке шаруа қожалықтары құрылып, жұрт егін егіп, мал өсіруге бет бұрды. Құдайға  шүкір! Қазір ауылдағы ағайын сол егін мен малға сүйеніп күн көруде. Оның үстіне үкіметтің әр түрлі  бағдарламалары аясында қолдау қаражаттарымен жеңілдіктері  бар.

  – Енді өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Махан Алмас» шаруа қожалығының құрылуы және бүгінгі тыныс-тіршілігі жайына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

 – Көпке мәлім, кешегі тоқырау жылдары  жұртта жұмыс жоқ, тіпті, ауылды жерлердегі жағдай мүлде қиындап кетті. Сол тұста қол қусырып қарап отырмай, еңбек ету үшін егін және мал өсіру бағытында осы «Махан Алмас» шаруа қожалығын құрдым. Қазір онда 110 гектар суармалы, 1000 гектарға жуық шабындық тағы біраз жайылым мен шаппалық жерлер бар. Онда  қазір 200-ден астам асыл тұқымды  сиыр бағып баптауда. Сонымен қатар мал табынына арналған қора-жайлармен қатар бір мезгілде 70-80 ірі қара сиятын  бордақылау  алаңын салдық. Бұдан сырт жыл сайын егін егіп, жем-шөп жинап мал азығын дайындаймыз. Қазір көтемгі егіс науқанына дайындық жүріп жатыр. Биыл 100 гектарға жуық жерге бидай мен арпа, 15 гектарға жүгері, тағы біраз алқапқа  май бұршақ тұқымын сіңіруді көздеп отырмыз. Бұрын 15 гектер жерге қант қызылшасын сеуіп келгенбіз. Былтырдан бері ол жерді тыңайтуға қойдық. Дейтұрғанмен жыл сайынғы өнім де жаман емес. Мәселен, өткен жылғы құрғақшылыққа қарамастан толағай табысқа қол жеткіздік деуге болады. Нақтырақ айтсақ, әр гектар жерге сепкен бидай мен арпададан 40-45 центнерден өнім жиналды. Міне, бұл ауыз толтырып айтарлықтай жоғары көрсеткіш. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жаз бойы жұмсалған табан ет, маңдай тердің бодауы. Бүгінде шаруашылықта біраз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаз айында және күзгі өнім жинау кезінде  жұмысшы саны тағы да көбейеді.

  • Ал көктемгі егіс науқанына қажетті тұқым мен тыңайтқыш арзан жанар-жағар май  алуда, егіс алқаптарын сумен қамтуда қиындық жоқ па?

– Су мәселесіне келсек,  су – тіршілік нәрі. Онсыз еш өнім алынбайтыны анық. Жыл сайын көктемде өңірдегі «Қазсушар» кәсіпорнымен арнайы келісімшарт жасалады. Олар суармалы жерді қажетті сумен қамтамасыз етуге кепілдік етеді. Бұрын  біздің егістікке су шығару біршама қиынға соғатын. Осыған байланысты осыдан екі жыл бұрын Талдықорған қаласының теңгерiмiнде тұрған жалпы ұзындығы 112 шақырымды құрайтын каналдарға әр-түрлі деңгейдегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тапты. Соған сай биыл да судан тапшылық бола қоймас деп ойлаймын. Ал, егінге қажетті тұқым сапалы болса, алынған өнім көрсеткіші де жоғары болады. Біздің өзімізде тұқым мен  тыңайтқыштан қазірге қиыншылық жоқ.  Бидай мен арпа тұқымын алдын-ала дайындап қойғанбыз жақында жерге себілді. Жасырары жоқ, көктемде және күзгі жиын-терімге қарсы үкіметтен бөлінетін жанар-жағармай дер кезінде беріліп тұр. Жер жыртуға, тұқым сіңіруге арналған техникалар да жеткілікті.

          – Енді алда жүзеге асырылатын тағы қандай тың жоба-жоспарларыңыз бар?    

– Қазір еңбек еткен адамға жұмыс та жетерлік. Бірақ, сол жұмысты ұқсата білу қажет. Ауыл шаруашылығы өркендесе елдің ырысы артады. Сол үшін мемлекет басшысының тапсырмасына қолға алынған бағдарламалар арқылы егінші малшыларға қолдауды көбейту керек. Сонымен бірге елімізде өндірілген қандай да бір өнімді елдің ішкі нарығында ғана емес, шетелдерге де шығаруға қам жасалуы тиіс. Сонда ғана бәсекелестік болып, сапалы өнімге сұраныс көбейеді. Осыған байланысты бізде де біраз тың жобалар бар. Соның бірі мал тұқымын асылдандырып, етті және сүтті бағыттағы ірі қараларды базарға шығару. Бұрын шетелден 10-ға жуық нәсілді бұқа сатып алғанбыз. Алдағы уақытта тағы бірнеше аталық ірі қара сатып әкелу жоспарды. Алла бұйырса, осы арқылы мал санын көбейтіп Жетісу өңіріндегі ауыл шаруашылық өнімдерінің өркендеуіне өз үлесімізді қоссақ деген үмітіміз бар.                                 

– Ісіңіз ілгері болсын!    

 

Сұхбаттасқан:  Айдын КӘЛІМХАН